Павлодар облысында "Сыбаға" мемлекеттік бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған шаруалар наразы. Шетелден асыл тұқымды сиыр әкеліп, Қазақстанда оның басын көбейтуі тиіс болған тұрғындардан әкімдіктегілер алған несиесімен бірге субсидияны да мемлекетке қайтаруды талап еткен. Өйткені, шаруалар алдырған ірі қара – асыл тұқымды мал болмай шыққан және құжаттары да жалған екені анықталған. Бірақ шаруалар мұнымен келіспейді. Айтуларынша, шетелден төрт түлікті жеткізіп беретін делдалды жауапты мемлекеттік мекеменің өзі тауып берген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"2018 жылы "Сыбаға" бағдарламасы бойынша несие берді. Несиені олай жылдам бергенін өз басым бірінші рет көрдім. 25 сиырды кепілдікке алды да 1-2 күн ішінде біздің шаруашылықтың шотына 55 млн теңге түсірді. Сол кезде күдіктендім. Үлкен ойынның ойыншығы болып қалдық па деп", – дейді шаруа қожалық иесі Орал Сартаев.
Шаруаларды сан соқтырған мал жеткізуші сотталып кеткен. Сот оны 6,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ал субсидия алуға арналған жалған құжаттарды ауыл шаруашылық басқармасы қабылдап алды, дейді шаруалар.
Оқи отырыңыз: Мал ұрлығы үшін жаза күшейеді: айыппұл мөлшері 7,5 млн теңгеге артпақ
"Мына құжаттар дұрыс емес, өтпейді" десе, біз тоқтайтын едік. Мемлекеттік органнан өткен құжат жалған деп шығып отыр. Ал біз құжаттың жалған, жалған еместігін анықтайтын маман емеспіз ғой. Бастапқыда мемлекеттік орган қайда қарады?" – деді шаруа қожалық иесі Бауыржан Ахметов.
Жалпы облыс бойынша 11 шаруашылық мемлекеттен 200 миллион теңгеден астам субсидия алған. Оның бесеуі алған ақшасын кері қайтарыпты. Ал қалған 6 шаруа қожалығын ауыл шаруашылық басқармасы сотқа берген. Аталған іске қатысты облыстық прокуратура тексеру жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Мал ұрлығын қайтсек тыямыз?
"Тексеріс барысында қарама-қайшы тексеріс жүргізіп, Ресейге сұрау жолдадық. Алынған жауаптарға сәйкес субсидия берілген малдарға РФ кәсіпорындарымен сатылмағаны анықталды. Біз бұл туралы облыс әкімінің орынбасарының атына заң бұзушылықтарды жөндеу туралы ұсыныстар енгіздік", – деді Павлодар облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Рүстем Есенов.
Шаруалар енді несиеге алған малын сойып сатамыз деп отыр. Өйтпеске амалы жоқ. Себебі, қарызды қайтармаса, сотталып кетуі мүмкін. Ал шаруалар өзіне мал жеткізушіні тауып берген мемлекеттік орган да жазасыз қалмасын деген талап қойып отыр.