Тікелей эфир

"Суықта бүрсең қағып жүрміз". Көгілдір отынға қол жеткізе алмаған шымкенттіктер бас көтерді

Мораторийдің себебінен халыққа көгілдір отынды пайдалануға рұқсат ететін техникалық құжаттама берілмеген.

Шымкенттің бес бірдей елдімекеніне жаңадан қоныс аударған халық көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Айтуларынша, "Қазтрансгаз Аймақ" акционерлік қоғамының Шымкенттегі филиалының газ беруге мораторий жариялағанына екі жылдан асыпты. Соның себебінен қазір тұрғындар қара күзде суық үйлерінде бүрсең қағып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Осы уәжін айтып күнде сенделген жұртшылық бұл жолы да жауапты мекеменің алдына жиналды. Олардың айтуынша, әр ауылда газ кірмеген 50 шақты үй бар. Олардың бәрі – жаңадан қоныс аударғандар. Көгілдір отынның қиындығын тартқан отбасылар осындай бес бірдей шағын ауданнан келіп, шырқырап жүр.

"Екі жылдан бері жекеменшікке де, үкіметке де техникалық құжат берілмей жатыр. Мараторий деп бермей отыр, ал халық жаурап жүр. Жұрт күнде келеді, жастар ауырып жатыр", – деді Асар-2 шағын ауданының тұрғыны Асылхан Қыдырбаев.

Мораторийдің себебінен халыққа көгілдір отынды пайдалануға рұқсат ететін техникалық құжаттама берілмеген. Төзімі таусылған тұрғындар суық үйде сүйегі сырқарамас үшін тәуекелге барып, газды өз беттерінше қостырыпты. Бірақ осы үшін аспандаған айыппұл төлеуге міндеттелген.

"Жекеменшік өзі келіп жаға беріңдер деп қосып кетіп жатыр. Артынан Қазтрансгаз келіп, сендердікі заңсыз деп, айыппұл салып кетіп жатыр – 400 мың теңге. Оны ешкімнің қалтасы көтермейді ғой", – дейді тағы бір тұрғын.

Ал жауаптылар болса, мораторийдің жариялануына өңірдегі газ тапшылығы себеп деп отыр. Сондықтан әкімдікпен бірлесіп, осындай шектеу қойылған. "Тапшылықты шешу үшін үлкен станция салынып жатыр. Бірақ оның құрылысына жауапты біз емес" деп, бағытты әкімдікке бұрды.

"Станцияны салып жатқан біз емес, Қазтрансгаз емес. Оны салып жатқан әкімшіліктің өзі. Иә, шынымен де, созылып жатқанына үш жылға жуық уақыт болып қалды. Ол рас", – деді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент филиалы директорының бірінші орынбасары Бауыржан Сатмағамбетов.

Ал әкімдік өкілдері Шымкентке сағатына 180 мың текше метр газ келгенімен, тағы 70 мың текше метр жетіспеушілік бар, дейді. Сондықтан жаңа елді мекендерді толық қамту мүмкін болмай жатқанын айтады. Осыны ескеріп, шенеуніктер сағатына 250 мың текше метр газ қабылдайтын жаңа станция салып жатыр. Басқарма басшысы оны осы айда пайдалануға беруге уәде етті.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары