Тікелей эфир

Суға шомылу маусымы басталғалы 20 бала қаза тапты. Үкімет қандай қауіпсіздік шараларын қолданады

Қазақастанда суға түсуге арналған барлығы 708 орын белгіленген.

Суға шомылу маусымы басталғалы кәмелетке толмаған 20 бала суда қаза тапты. Үкімет басшысы Олжас Бектенов шомылу маусымында балалардың қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды.

"Жыл өткен сайын республиканың су айдындарында суға кеткен адамдар саны азаймай тұр. Бұл шамамен 200-300 адам. Олардың ішінде жүзге жуық бала бар. Өкінішке қарай, биыл да бұл көрсеткіш төмендемей тұр. Жаз енді басталды. Су айдындарында қайтыс болған адамдар, әсіресе балалар саны өсіп жатыр", – деді премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында. 

Айтуынша, суға шомылу маусымы басталғалы кәмелетке толмаған 20 бала суға кеткен. Өткен аптаның өзінде елордада өзенді жүзіп өтемін деген жасөспірім қаза тапты.  Ал Қызылордада балаларды қорғау күнінде бірден екі бала суға кеткен. Түркістан облысында суару каналында екі бала көз жұмды. Каспий теңізінде қараусыз қалған екі жасар бала суға батып кетті.

"Мұндай фактілер күн сайын тіркеліп жатыр. Тіпті Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгінгі ақпарында да суға батып кеткендер бар. Өңірлердің әкімдіктері осы бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейткені жөн. Жүретін патруль санын көбейту қажет. Полиция ТЖМ балалардың су айдыны маңында қараусыз жүру фактілерінің жолын кесуі керек",– деді премьер-министр.

Негізінен адамдар суға түсуге арналмаған учаскелерде суға кетіп жатады. Қазіргі уақытта ел бойынша суға түсуге арналған 708 орын белгіленген.

Олжас Бектенов су айдындарының маңында орналасқан балалар лагерьлеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Оған қоса, оңтүстік аймақтардағы суару каналдары мен арықтарды қоршау қажет екенін айтты.

"Әсіресе, балалардың каналдарда қаза болу жағдайлары Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында көп тіркеліп отыр. Осыған байланысты әкімдіктер каналдар мен арықтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс. Былтыр Павлодар облысында субұрқақта шомылып жүрген баланы электр тогы соқты. Әрине, субұрқақта шомылуға тыйым салынған. Бұл туралы санитариялық дәрігерлер үнемі ескертіп келеді. Бұған қарамастан, балалар субұрқақта шомылады. Әкімдіктер субұрқақтардың қауіпсіз жұмысын тексеріп, балалардың шомылуына жол бермеуі тиіс", – деді Олжас Бектенов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары