Тікелей эфир

Судың бір текшесі – 948 теңге: Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазан ауылының тұрғындары суға зәру

Халық жеті айдан бері суды таңертең және кешкі уақыттарда үш сағаттан ғана ала алады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы Қазан ауылының тұрғындары судың текшесіне 948 теңге төлейді. Оған қоса халық жеті айдан бері суды таңертең және кешкі уақыттарда үш сағаттан ғана ала алады. Өйткені әбден тозығы жетіп, ескірген су құбырлары жарылған, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.

Су далаға ақпас үшін оған шектеу қойылған. Бір адамға айына төрт текшеден артық су берілмейді. Көп қолданса, текшенің құны 130 теңгенің орнына, 1000 теңгеге жуықтайды. 

Таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін берілетін су сыздықтап ағады. Кешке де тура осы жағдай. Үш сағаттың ішінде тұрғындар өзі ішетін, малға беретін, бақша суаратын, жуынатын, кір жуатын су алып үлгеруі керек. 

"Суды сөндіріп тастайды, бәріміз сусап отырмыз. Біздің әкімдігіміз бәрін біледі. Түк істемей отыр. Уәде береді, бірақ орындамайды. Әне істейміз, міне істейміз", — дейді Қазан ауылының тұрғыны Ғазиз Бектұров. 

Қазан ауылына су Петропавлдан келеді. Сегіз жыл бұрын салынған су құбырлары әбден тозығы жеткендіктен жарылған. 

"Ауылда тұрған соң шаруашылығым, бау-бақшам бар. Сондықтан суды көп пайдаланамын. Сондықтан мына лай су үшін текшесіне 948 теңге төлеймін. Қаланың өзінде олай емес. Сұмдық қой мынау", — дейді ауыл тұрғыны Светлана Доценко. 

Талшық ауылдық округы әкімінің айтуынша, биыл үш елдімекендегі су мәселесін шешу үшін бюджеттен 5 млн 400 мың теңге бөлінген. Тендер ұтқан Тараздық компания құбырларды қыркүйектен бастап қана жөндейді.  

"Жарылған құбырды төрт рет істегенбіз. Трубаны толық жаңарту керек. Шілденің басында бірдеңе ғып істейміз. Қыркүйекке дейін күтпейміз. Ал су текшесінің құнын өсіріп, пайдалану мөлшеріне шектеу қою заңды бұзбайды", — дейді Талшық ауылдық округының әкімі Ермек Қайыржанов. 

Серіктестер жаңалықтары