Түркістан облысында 124 ауылдық елді мекенде су құбыры мүлдем жоқ. Бұл туралы үкімет отырысында мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев мәлімдеді.
Депуаттың айтуынша, елімізде кезең-кезеңімен "Ауыз су" (2000-2010 жылдар), "Ақбұлақ" (2011-2014 жылдар), "Өңірлерді дамыту", "Нұрлы жер" (2015-2021 жылдар) бағдарламаларын жүзеге асыру нәтижесінде 710 ауыл сумен қамтамасыз етілген.
"Қазіргі таңда 109,7 мың адам сапалы таза ауыз суға мұқтаж. Оның негізгі себептері технологиялық жүйелердің тозуы, су құбырларының техникалық жай-күйінің төмендігінен болып отыр. Осыған орай Түркістан облысының 124 елді мекенінде ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған жедел түрде су құбырларын жүргізу үшін жоспарлы бағдарлама қабылдау керек", – деді депутат.
Айта кетейік, үкімет есебіне сәйкес, өткен жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыруға 280 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде қалаларда 135 жобаны іске асыруға 167 млрд теңге және ауылдарда 267 жобаны іске асыруға 113 млрд теңге қарастырылған.