Тікелей эфир

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 500-ге жуық психолог жұмыс істеп жатыр

Олардың 30-ы ғана – төтенше жағдайлар саласының мамандары.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың сенат депутаттарының сауалына берген жауабында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге тартылған психологтар туралы мәлімет берілген.

Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің азаматтарына Төтенше жағдай министрлігі саласынан 30 психолог, 55 медициналық психолог, 400-ге жуық мектеп психологы уақытша орналыстыру пункттерінде психологиялық көмек көрсетіп жатыр.

Жалпы, елімізде 20 739 психолог жұмыс істейтін болса, оның ішінде тек 98-і ғана төтенше жағдайлар саласында қызмет етеді

Психологтардың басым бөлігі (12 587 адам) білім саласына маманданған. Сондай-ақ, медицинада – 1550, ішкі істер жүйесінде – 334, қылмыстық-атқару  жүйесінде – 155 психолог қызмет етеді. 


Оқи отырыңыз: Сенатта мектеп психологтарының жалақысы мен мәртебесін көтеру ұсынылды


"Төтенше жағдайлар аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, психологтердің қызметін регламенттеу және азаматтық қорғау органдарының жеке құрамымен психологиялық жұмысты ұйымдастыру жөнінде тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданған. Төтенше жағдайлар министрлігі психологтарының жұмыс регламенті, төтенше жағдайлар органдарында моральдық-психологиялық жай-күйіне мониторинг жүргізу қағидалары мен әдістемесі бекітілді. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде "Халыққа (оның ішінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне) шұғыл психологиялық көмек көрсету туралы" қағидалары әзірленді", – делінген Тамара Дүйсенованың жауабында.

Үкімет басшысының орынбасары, сондай-ақ, Алматы қаласында болған жер сілкінісі кезінде мыңнан астам адамға психологиялық және ақпараттық қолдау көрсетілгенін айтқан. 

Серіктестер жаңалықтары