Ақмола облысының Қорғалжын ауданында орналасқан "Шөптікөл" бөгеті бұзылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Гидротехникалық нысан Сабынды ауылынан солтүстікке қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі уақытта оқиға орнында суды қауіпсіз өткізу бойынша жедел жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, салдарды жоюға ТЖМ қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция және жол қызметтері жұмылдырылған. Жалпы саны 170-ке жуық адам мен 43 бірлік техника тартылған. Құтқарушылар бөгетті нығайту, инертті материалдар төгу және судың бағытын бұру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының хабарлауынша, су "Астана – Қорғалжын" республикалық маңызы бар автожолының 75-шақырымында арнайы құбыр арқылы өтіп жатыр. Жол жамылғысы бүлінбеген, көлік қозғалысы қалыпты режимде жалғасып жатыр.
Жағдай бақылауға алынған.