Тікелей эфир

"Су тапшы". Қызылорда дихандары суды қажет уағында ала алмай келеді

Күрішшілер канал кеуіп, егін күйіп жатқанын айтты. 

Су тапшылығының зардабын шегіп отырған қызылордалық күрішшілер қараусыз каналдарды балансқа алуды. Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы хабарлады

Күрішшілер егінге қажет суды дәл қажет сәтінде ала алмай отырғанын айтады. 

"Мамырда керек су маусымда берілді. Енді шілдеде су сұрасақ, тамызда береміз деп отырсыздар. Каналымызда су жоқ қазір, кеуіп кетті. Егініміз күйіп жатыр ғой. 125 гектарға еккен күрішімізді көк күйінде тастадық, күйіп кетті. Енді қалған егінімізге қауіп төніп тұр", – деді Тұрмағамбет ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев.

Салаға жауапты мамандар жағдайды бақылауда екенін, берілетін су көлемін реттеп отырғанын айтады.

"Су тапшылығын еңсеру үшін күріштіктің көлемін азайту керек деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, суды үнемдеу маңызды. Алайда күрішсіз Қызылорда облысының экологиялық ахуалы нашарлайды. Топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналады. Өйткені Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Бұл – мамандардың тұжырымы", – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының диреторы Пірмұхаммед Сыздықов.

Оның айтуынша, осы  салада 550-дей ірілі-ұсақты шаруашылықтарда 9 500-ден астам маусымдық және тұрақты жұмысшылар жұмыс істейді. Ауыл халқының 45-50 пайызы осы саладан нәпақасын тауып отыр.

Су тапшылығының салдары егіншілерге ғана емес, мал ұстап отырған кәсіп иелеріне де зардабын тигізіп жатыр.

"Жауапты мамандар шабындыққа берілетін судың мәселесін де ескергенін сұраймыз. Мысалы Тереңөзектегі Асқар Тоқмағамбетов ауылында биыл төртінші жыл шабындықта су жоқ. Өз көзіммен барып көрдім", – деді "Сыр сыйы" шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Биманов.

Жиын соңында кәсіпкерлер суды үнемдеу үшін жауапты мекемені анықтап, қараусыз қалған каналдарды балансқа алуды және берілетін суды қадағалайтын арнайы комиссия құруды ұсынды.

Сала мамандары кәсіпкерлердің ұсынысын басшылыққа алып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.  

 

Серіктестер жаңалықтары