Тікелей эфир

СҚО-да былтыр жерленген мүрдені белгісіз біреулер қазып алып, 6 метр әрі көмген

Полиция қызметкерлері осыған байланысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Новоишимка ауылының тұрғыны Игорь Лазаревтің былтыр жерленген әкесінің мүрдесін біреулер қазып алып, басқа жерге көмген. Ол бұған жергілікті кәсіпкер Игорь Батовты айыптап, үстінен полицияға арыз түсірген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Лазаревтің әкесі Батовтың ұлының қасына жерленген. Оның айтуынша, бұған кәсіпкер қарсы болыпты.

"Ол жерде қазір әкемнің сүйегі бар ма, жоқ па, білмеймін. Бұл іске Игорь Батов дейтін кәсіпкердің қатысы бар деп ойлаймын. Ол бұған дейін ұлымның зиратының жанына әкеңді кім жерлеуге рұқсат берді? Сүйегін мына жерден әкет, әйтпесе өзім қазып басқа жерге тастаймын деген еді", – дейді Игорь Лазарев.


Оқи отырыңыз: Мәйітті жерлеудің жаңа стандарты әзірленіп жатыр


Дегенмен, Игорь Батов мұны жала деп, лазаревтің бұл әрекетін өзінен ақша талап етудің амалы екенін айтады.

"Мен былтырдан бері баламның қабіріне барған емеспін. Ол адамның әкесін басқа орынға жерлеген жоқпын. Ұлымды жер қойнына тапсырған соң бейітінің маңайын абаттандырып, брусчатка төседім. Ал ол керісінше сол қатты тастарды бұзып, әкесінің мүрдесін тура ұлымның жанына қойды. Бұл әрекеті маған ғана емес, көпшілікке де ұнамаған. Солардың бірі оны осылай жазалаған шығар. Бәлкім әкесінің бейітін өзі қазып алып, менен ақша талап етпек болған шығар", – деді кәсіпкер Игорь Батов.

Полицейлер "Қайтыс болған адамның мәйітін және олар жерленген жерді қорлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.


Оқи отырыңыз: Зират тұрғызу дұрыс па? Қабір зияратының мәдениеті туралы


"Қазір полиция қызметкерлерімен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық қажетті шаралар жүргізілгеннен кейін сотқа дейінгі тергеу шеңберінде заңды процессуалды шешім қабылданады", – деді СҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұрбек Баекин.

Әзірге күдікті ретінде әлі ешкім танылмаған. Әруақты қорлаған адам анықталып, кінәсі дәлелденіп жатса, оған бір миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары