Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындары "Марқұмның топырағы торқа болсын", "Алла алдынан жарылқасын", "Жаны пейіште шалқысын", "Иманды болсын" деп ізгі тілек пен дұға жасайды.
Зират пен зиярат адам өмірінде маңызды құндылықтар қатарына жатады. Қайтыс болған кісіні арулап жерлеу, зиратқа қою – адами борыш. Ислам дінінде қайтыс болған кісіні жерлеудің үкімі – парыз. Өйткені, мәйіт көмілмей қалатын болса, "адам" деген ардақты жаратылысқа жасалған 5 үлкен құрметсіздік әрі күнә болады. Сондықтан ата-бабаларымыз қайтқан жанды арулап, ақтық сапарға шығарып салған.
Зират тұрғызудың мәні
- Адам баласының тірісі қандай ардақты болса, қайтыс болған соң да сондай құрметті екенін білдіреді.
- Марқұмның есімі және жатқан жері ұрпақтарына белгілі болады.
- Қайтыс болған кісінің жерленген жері орынсыз тапталып, аяқ асты болмайды.
- Кейінгі ұрпақ бұрынғы өткен жандарды ұмытпай, есте ұстап, оларға Құран оқып, дұға жасап отырады.
- Өзге адамдар ол жерде адам жерленгенін білетін болады. Оларды орынсыз қазып, сүйектерін сыртқа шығарып тастамайды.
Зиярат жасаудың хикметі
- Тал бесікке түскен адам, жер бесікке де түседі. Дүние есігін ашқан әрбір жанның дәм тұзы таусылғанда пәни дүниеден, бақи дүниеге аттанары хақ. Зират осы бір ақиқатты, яғни бұл пәни дүниенің өткінші екенін сезіндіретін ғибрат мекені.
- Қабірге зиярат жасаған адам өзінің ет-жақын туыстарының рухына, қорымдағы белгілі немесе белгісіз барша мұсылмандардың әруақтарына Құран оқып, дұға жасайды. Олардың ахуалынан ғибрат алады.
- Халық дүниетанымында ата-баба есімін қастерлеу, әруақты сыйлау, олардың ғибратты ғұмырына құрмет көрсету сынды игі дәстүрлер жаңғырады.
Қабір зияратының тірілерге пайдасы
- Қабір зияраты ақыретті еске түсіреді.
- Мұсылмандар бұл дүниенің пәни, өлімнің хақ екенін түйсініп, тіршілікте бір-бірімен сыйласып өту керектігін түсінеді.
- Жан тәсілім еткеннен кейін ақырет әлемі басталатынын сезініп, өз өміріне ой жүгіртеді. Ізгі істермен айналысып, ертеңгі ұрпаққа үлгі боларлық мұра қалдыруға тырысады.
- Пәни дүние мен бақи әлемді жалғаушы қабірлерді көріп, өзінің мәңгілік тұрағына әзірленеді.
- Қабір әлеміндегі есепті еске алып, өзін-өзі тәрбиелейді. Жамандықтан сақтанып, жақсылық жасауға талпынады.
- Жаман мінез-құлықтан, жат әдеттерден арылып, құлшылық жасауға құлшынады.
- Елге пайдалы, сауабы мол, ізгі істермен өмір сүруге бекінеді.
Қабір зияратының марқұмдарға пайдасы
- Зиярат жасаушылардың берген сәлемі, оқыған Құраны, жасаған дұғасы қабір иелерінің ахуалын жеңілдетеді.
- Қасиетті Құран Кәрімді бастан-аяқ оқып (хатым жасап), сауабын қабірдегі марқұмдарға бағыштау – сауабы мол іс.
- Тірілердің жасаған дұға-тілектері қайтыс болғандардың күнәларының кешірілуіне, жатқан жерлері жайлы болуына себеп болады.
- Марқұмның артында қалған ұрпақтары оқыған Құранның сауабы пайдасын тигізеді.
- Жасаған дұғалары арқылы қабір әлемінің ауыртпалықтары мен қиындықтары жеңілдейді.
Материал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған "Зират және зиярат мәдениеті" кітабы негізінде дайындалды.