Шымкент қаласында сотталғандарды азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кеңсесі таратқан мәліметте айтылды.
Өңірлік уәкілдің жеке қабылдауы кезінде сотталғандардың бірі арызданған. Оның айтуынша, 2024 жылдың жазында түзеу мекемесінің қызметкерлері оған күш қолданып, қолына кісен салған, ұрып-соғып, темір торға іліп қойған. Жәбірленуші төрт сағат бойы асулы күйде тұрғанын мәлімдеді. Сонымен қатар қызметкерлер аяқ киімін шешіп, табанынан шоқпармен ұрған.
Тағы бір сотталғанның жақ сүйегін сындырғаны анықталған.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілінің араласуымен түзеу мекемесінің қызметкерлеріне қатысты бастапқыда билікті асыра пайдалану бабы бойынша іс қозғалған. Алайда тергеу барысында полицейлер бұл әрекеттерде азаптау белгілері бар деген қорытындыға келді.
Бұл ұстанымды бас прокуратура да қолдап, адамдар тобымен жасалған азаптау фактілері бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта мекеменің үш қызметкері қамауға алынды.
Заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін:
- 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы шамамен 21,6 млн теңге),
- не түзеу жұмыстары,
- не алты жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сондай-ақ кінәлі тұлғаларға үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынуы мүмкін.
USD:
511.1 / 516.1
EUR:
594.0 / 600.0
RUB:
6.15 / 6.35