Тікелей эфир

Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев: Қазақстанда сенде медаль болса ғана жағдай жасай бастайды

"Бірақ, медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалуы керек қой", – дейді спортшы.

Шорт-трекші, Бейжің олимпиадасында төртінші орын иеленген Абзал Әжіғалиев әлеуметтік желіде қазақстандық спортшылар Олимпиадаға дейін тап болатын бірқатар кедергілерге тоқталды.

"Қазір бізде егер сенде медаль болса, сені жақсы көреді, сосын барып саған жағдай жасайды. Бірақ, медаль болуы үшін бірінші жағдай жасалуы керек қой", – деп жазды Абзал Әжіғалиев.

Оның сөзінше, "Алау" мұз айдыны қазірде шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұз айдыны. Бірақ, онда тұрақты дайындалуға мүмкіндік берілмеген.

"Біз сондықтан амалсыз Еуропа немесе Ресейде жаттығамыз. Бізге кемінде күніне таңертең және кешке екі сағат жаттығу керек. Бірақ, мұз сарайы жекеменшік болғандықтан барлығы ақшаға келіп тіреледі. Ал ұлттық құрамада ондай ақша жоқ", – деді Абзал Әжіғалиев.


Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасында бақ сынайтын 34 спортшы ішінде кімдерден жүлде күтеміз?


Ол, сондай-ақ, спортшыларға керекті құрал-жабдықтарды тек шектеулі мөлшерде ғана алып беретінін жазды:

"Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және біз әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ, оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да, тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек".

Спортшы атаған мәселелердің тағы бірі – еңбекақы мәселесі. Оның айтуынша, спортшылардың жалақысы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді.

"Біз көп жылдар бойы әлем кубоктарына қатысып, әлемнің үздік ондығына кіреміз, Олимпиада чемпиондарымен бірдей жүгіріп, оларды озып та жатамыз. Жеңеміз. Бірақ, медаль алған кезде ешқандай қолдау болмайды. Сыйақы тағайындау заң бойынша қарастырылмаған. Ал спортшылардың жалақысы Қазақстандағы орташа жалақыға жете бермейді. Жеңіске жеткенде ел намысын қорғаймыз, бірақ оның жемісі ретінде назар да аударылмайды. Бізде басқа елдердегідей демеушілік жоқ, тек мемлекетке ғана сенеміз", – деді Абзал Әжіғалиев.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары