Тікелей эфир

Солтүстік Қазақстандағы 300-ден астам елді мекен "болашағы жоқ" деп танылған

Оның ішінде жүзден астам ауылда тұрғындар саны 50-ге де жетпейді.

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы үш жылда 14 ауыл ел картасынан жойылды, яғни таратылды. Тұрғындары жаппай жан-жаққа көшіп кеткен соң, ауылдар қаңырап бос қалған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Өңірдегі елді мекендердің тұрғындарының бұл аймақтан халықтың үдере көшуіне еті үйреніп қалған. Олардың айтуынша, басты себептер – жұмыссыздық пен мектеп, дәріхана сияқты әлеуметтік нысандардың жоқтығы. Мұндай шағын елді мекендерді дамыту жергілікті бюджет үшін тиімсіз.

"Жұмыс болмаған соң халық немен күн көреді? Оның үстіне таза ауыз су жоқ, мектеп те жабылып қалды. Мал ұстау қиын. Содан тұрғындар ауылдан кетіп жатыр. Біз де бәрін сатып, көшіп кетуді ойлап жүрміз", – дейді Коваль ауылының тұрғыны Ирина Кочеткова.


Оқи отырыңыз: СҚО-да Ленин мен Чапаев атындағы көшелердің атауы өзгереді


Коваль ауылында қазір үй саны онға да жетпейді. Дүкен, дәріхана мүлде жоқ. Тұрғындар азық-түлік пен керек-жарақ алу үшін 35 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына қатынауға мәжбүр.

"Кезінде бұл ауылда немістер де, поляктар да, орыстар да, қазақтар да тұрған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бәрі жан-жаққа кетті. Ауылда өмір сүру қиын. Мал ұстаймыз, бірақ оны бағатын жер жетпейді. Шабындық жоқ", – дейді Коваль ауылының тұрғыны Владимир Денисов.

Коваль ауылы Ресей шекарасынан 2 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан тұрғындардың көбі шекара асып кеткен.

Мамлют ауданында жағдайы Коваль секілді тағы он ауыл бар. Жергілікті билік өкілдері оларды болашағы жоқ елді мекендерінің қатарына қосқан. Яғни, тараудың аз-ақ алдында тұрған мұндай ауылдарды дамытуға бюджеттен қаражат бөлінбейді.


Оқи отырыңыз: СҚО-да айыппұл тұрағындағы көліктер 500 мың теңге бастапқы бағамен сатылып жатыр


"Заң бойынша халық саны елуден аз болса, ауылды округ орталығына қосамыз. Яғни, оның аты болмайды, бірақ тұрғындардың ол ауылда тұруына шектеу қойылмайды. Тіпті, ауылда 1-2 отбасы қалса да, жарығы қиылмайды, жолы тазаланады. Нан да, су да жеткізіледі", – деді Мамлют ауданы әкімінің кеңесшісі Серік Бакеев.

Солтүстіктегі 600-ден артық елдімекеннің тең жартысы ғана болашағы бар деп танылған. Тіпті, 100-ден артық ауылда халық саны 50 адамға да жетпейді екен. Ал тұрғын саны он адамға толмайтын 30 ауыл Қазақстан картасынан жойылудың алдында тұр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары