"Қазақфильм" киностудиясы Шәкен Аймановтың "Біздің сүйікті дәрігер" фильміне ремейк түсірілімі басталғанын хабарлады.
Кинотуындының режиссері – Равиль Трумов. Басты рөлдерді Шәріп Серік пен Карина Кудекова сомдайды.
"Оқиға желісі сценарий бойынша Алматыдағы ауруханалардың бірінде бастау алады. Аурухана ұжымы бас дәрігер Николай Грачевті мерейлі жасымен құттықтауға дайындалып жатқанда күтпеген жағдайға тап болады", – делінген киностудияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, "Біздің сүйікті дәрігер 2" фильмі 2019 жылы мамыр айында өндіріске жіберіліп, фильм прокатқа 2020 жылы шығу керек болған. Сол уақытта фильмнің басты кейіпкерлерінің бірін "Голос. Дети-4" байқауының жеңімпазы, әнші Данэлия Төлешова сомдайтыны хабарланған болатын.
Жаңа фильмінің түсірілім алаңындағы жұмыстар туралы Instagram желісінде оқып тұруға болады.
"Біздің сүйікті дәрігер" толық метражды көркем фильмін 1957 жылы Алматы көркем және хроника фильмдер студиясы түсірген болатын. Бұл фильм үшін 1958 жылы Ташкент қаласында өткен Азия мен Африка мемлекеттерінің Халықаралық Кинофестивалінде режиссер Шәкен Аймановқа естелік диплом табысталды. Ал 1959 жылы Киев қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальде Шәкен Айманов ынталандыру сыйлығын иеленді.