Шетелдік көлікті 200 мың теңгемен тіркеу қалай жүзеге асады? Шағын нұсқаулық

Шетелдік көліктерді бастапқы тіркеу мерзімі 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген механикалық көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидалары, шарттары мен мерзімдері туралы қаулы жобасы жарияланды. 

Көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесін қолдану үшін азаматтар жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органға жүгінеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары немесе eGov порталына келесідей құжаттарды ұсынады:

  • көлік құралын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдануды келісу туралы өтініш;
  • өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • көлік құралының паспорты, көлік құралын тіркеу куәлігі;
  • көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінімді тіркеп, оған нөмір береді. Құжаттарды сканерлеген соң өтініш берушіге қайтарады. Содан соң тексеру пунктінде көлік құралының нөмірлік агрегаттарын сәйкестігі мен олардың түпнұсқалығы тексеріледі.


Оқи отырыңыз: Оң рульді көліктерге шектеу жоқ. Шетелдік көліктерді заңдастыру туралы не білу керек?


Ал eGov порталы арқылы өтініш бергенде ЭЦҚ арқылы "жеке кабинетке" кіріп, электронды түрде өтініш толтырып, құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркейді. Уәкілетті орган құжаттарды тексергеннен кейін өтініш берушінің "жеке кабинетіне" өтінішті қабылдау және өтінішке берілген күні мен нөмірін көрсете отырып, құжаттардың сканерленген көшірмелерін тапсыру, сондай-ақ көлік құралының нөмірлік агрегаттарын сәйкестігін тексеру және олардың түпнұсқалығын анықтау мақсатында Мемлекеттік корпорациядағы тексеру пунктіне жіберу туралы хабарлама жібереді.

Көлік құралының нөмірлік агрегаттарын тексеру және салыстыру нәтижелері уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Уәкілетті орган құжаттар мен көлікті екі жұмыс күні ішінде тексеріп, алым мөлшерлемесін қолдануды бекіту не бас тарту туралы шешім шығарады.

Келесідей көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылады:

  • 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген;
  • іздеуде табылмаған;
  • басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік тізілімнен шығарылған;
  • кедендік тазалаудан өткен.

Оқи отырыңыз: Шетелден қалай көлік әкелуге болады? ИИДМ жаңа ереже жобасын әзірледі


Осы Қағидалар М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде ҚР азаматтары үшін бастапқы мемлекеттік тіркеу жүргізілетін оң жақ басқару жүйесі бар көлік құралдарына қолданылады.

Көлік құралдарын бастапқы тіркеу мерзімі осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күнінен бастап және 2023 жылғы 1 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады.

Құжат жобасы 18 қаңтарға дейін қоғам талқысында болады. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары