Тікелей эфир

Семейде студенттер мемлекеттік емтихан нәтижесіне келіспей, шу көтерді

Студенттердің айтуынша, тестілеу сұрақтарының көбі қате әрі орысшадан қазақшаға дұрыс аударылмаған. 

Семей медицина университетінің студенттері жуырда тапсырған мемлекеттік емтихан нәтижесін қайта қарауды талап етіп отыр. Өйткені тестілеу кезінде кездескен сұрақтардың көбі қате болғанын және орысшадан қазақшаға дұрыс аударылмағанын айтып шағымданды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.  

Жиылғандар арасында болашақ тіс дәрігерлері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен педиатр мамандары бар. Олардың айтуынша, қазақ тілінен тапсырған мемлекеттік емтиханда қате сұрақтар кездескен. Соның кесірінен көбі шекті баллды әрең алғанын айтады. Кейбірі тіпті жүз сұрақтың жартысына да дұрыс жауап бере алмай, жеті жыл оқыған еңбегіміз зая кетті деп отыр. 

"Дұрыс аударылмаған. Тікелей аударылған. Мағынасы жоғалып кеткен сұрақтарға өте көп тап болдық. Соның кесірінен біз салыстырмалы түрде аз балл жинап отырмыз", – дейді Семей медицина университетінің студенті Ақжан Тайшыбай. 

Студенттер қанша сұрақ қате болса, сонша балл қосып берсін дейді. Өйткені интернатураны аяқтағалы отырған жастардың көбі резидентураға түсе алмай қалудан қорқады. Бір қызығы, бұл жағдайдың жыл сайын қайталанатынын айтады. 

"Бұған дейін де бұндай мәселе жыл сайын қайталанып келеді, жыл сайын жазылады. Бірақ жылда осылай жауапсыз қалады. Жеті жыл оқыдық. Енді шешуші күнге келгенде осылай болды. Соған бір шара қолдануды сұраймыз", – дейді Семей медицина университетінің студенті Ұлағат Өмек.

Университет басшылығы бұл іске араласа алмайтынын, студенттерден тестілеуді тәуелсіз емтихан орталығы алғанын айтады. 

"Енді біз өзіміздің түлектеріміздің мүддесін, олардың талабын ескере отырып республикалық апелляция комиссия төрағасына өтініш жаздық. Енді біздің қолымыздан келетіні – сол апелляция комиссиясының шешімі ғана", – дейді Семей медицина университетінің проректоры Жанаргүл Смайылова. 

Ал емтихан орталығының өкілі бәрі талапқа сай өткенін айтады. 

"Қатеге келер болсақ, бұл сұрақтарды медицина университеттерінің оқытушылары құрастырды. Олар да өздері сияқты студенттерге сабақ береді. Бәрі бірдей жоғары балл аламыз дейді. Бірақ ол мүмкін емес қой", –  дейді "Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы" РҚБ төрайымы Гүлмира Жангереева.

Мамандар соңғы шешім аппеляция алқасы отырысының жиынынан кейін белгілі болатынан айтты. 

Серіктестер жаңалықтары