Қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы гроссмейстер Бибісара Асаубаева ФИДЕ үміткерлер турнирінде он екінші турдан соң төртінші орынға (6,5 ұпай) көтерілді.
Бірінші орында үндістандық Вайшали Рамешбабу (7 ұпай), екінші орында қытайлық Жу Джинер (7 ұпай) және үшінші орында украиналық Анна Музычук (6,5 ұпай) келе жатыр.
Алда ФИДЕ үміткерлер турнирінің екі туры өтеді. Бибісара Асаубаеваның келесі қарсыласы – украиналық Анна Музычук.
Еске салайық, 12-турда Бибісара Асаубаева Катерина Лагноға қарсы ойнап, жеңіске жетті.
"Партия Итальяндық ойындағы Греко гамбиты бойынша өрбіді. 15-ші жүріске дейін ойын теория бойынша жүріп, кейін күрделі әрі стандарттан тыс позицияға өтті. Фf4 жүрісінен кейін позиция бағасы күрт өзгеріп, бастама ақтарға өтті және олардың басымдығы біртіндеп өсе берді. Компьютер қараларға қорғану мүмкіндігін көрсеткенімен, оны іс жүзінде жүзеге асыру өте қиын болды. Нәтижесінде, 49-шы жүрісте мат қаупіне байланысты қаралар берілді", – деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясы бұл матч туралы.

