Тікелей эфир

Сарапшылар микромобильділік және қауіпсіздік мәселесін талқылады

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Урбанистер ЖКО өсуін және жолдарда сыртқы бақылауы жоқ жеке электросамокаттар санының көбеюін болжайды.

Алматыда микромобильділік және урбанизм саласындағы сарапшылар, жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ кикшеринг компаниялары "Микромобильділік және қауіпсіздік: барлық адамдарға жайлылықты қалай қамтамасыз етуге болады?" атты ашық пікірталасқа қатысты. Шараны Urban Forum Kazakhstan ұйымдастырды. Дөңгелек үстелдің басты тақырыбы қала тұрғындарының, ЖМҚ пайдаланушыларының және жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қауіпсіздігі мәселелері болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар сенат мақұлдаған электросамокаттар қозғалысын реттеу бойынша түзетулерді талқылады және ұсынылған заң жобасына байланысты тәуекелдерді бағалады. 

Сарапшылар микромобильділіктің өсуі – бұл қалаларды дамытудың заманауи тренді екенін және бүгінгі таңда ЖМҚ әлемдегі, сондай-ақ Қазақстандағы, қоғамдық көлік жүйесін органикалық түрде толықтыратынын атап өтті. Алайда Алматы мен Астанада инфрақұрылым әлі қалыптаспаған және ЖМҚ пайдаланушылары мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының қажеттіліктеріне толық көлемде жауап бермейді. Мысалы, Алматыда веложолақтардың едәуір бөлігі жүрдек көлік қозғалысының магистральдары бойымен өтеді, ал Астанада веложолақтар негізінен саябақ жаяужолдарының бойында орналасады. Қазақстандағы көптеген веложолақтар көлденең жиектермен, көгал және жол түйісулерімен үзіледі, әсіресе орталық аудандардан тыс жерлерде веложолақтардың байланыстылығы мәселесі бар.

Урбанистер инфрақұрылымды дамыту жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтты. Орта және ұзақ мерзімді келешекте қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында инфрақұрылымды дамыту тыйым салу мен шектеулерді орнатудан тиімдірек болып табылады. Әлемдік тәжірибеге сәйкес электр скутерлерінің қатысуымен болған ЖКО саны ағындарды, яғни жаяу жүргіншілерді, ЖМҚ және басқа көліктерді, бөлген кезде күрт төмендейді. Бөлінген жолақтар, қоршаулар, шығу/кіру мен қиылыстар қауіпсіз ортаны қалыптастырады. Мұндай жолда әркімнің өз орны бар және жайлы қозғалыс ережелері бәріне түсінікті болады.


Оқи отырыңыз: Шымкент урбанизм тұрғысынан дамыған қала бола алады


Спикерлер жол қозғалысы ережелеріне скутерді заңдастыру скутер пайдаланушыларының да, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілерінің де жайлылығы мен қауіпсіздігі үшін маңызды үдеріс деп келісті. ЖМҚ-ны заңдастыруды кикшеринг бизнесінің өкілдері, реттеушілер, сақтандырушылар және ең бастысы пайдаланушылар қолдайды. Электросамокат ҚР СТ 3769-2022 Қазақстан стандартында тіркелген, ал бұл бірінші және маңызды қадам. Дөңгелек үстел аясында сарапшылар 22 маусымда Сенат мақұлдаған электросамокаттардың қозғалысын реттеуге арналған жаңа түзетулерді де талқылады. 

"Бүгінгі заң жобасы қала тұрғындарының мүддесіне сай келмейді және оны пысықтау керек. Жаяужолдағы қозғалыс жылдамдығын 6 км/сағатқа дейін шектеуді біз артық шара деп санаймыз. Бұл жылдамдықпен пайдаланушылар көлік қажеттілігін шеше алмайды және индустрия тұншығып қалады. Сонымен қатар, заң жобасы күшіне енген кезде ЖКО саны бірнеше есеге артады деп болжап отырмыз. Жаяу жолдағы қозғалыс жылдамдығын шектеу самокатшыларды жолға шығуға мәжбүр етеді, ал бұл ЖМҚ және басқа көлік жүргізушілеріне қауіп төндіреді", – деп атап өтті Алматы қаласының мобильділік басқармасының маманы Мұрат Түменбай.


Оқи отырыңыз: Қазақстан жолдарының ел экономикасына пайдасы қандай?


Дөңгелек үстел аясында Қазақстандағы Whoosh кикшеринг қызметінің басқарушысы Станислав Молчанов қызметтің апаттық жағдайының өзекті статистикасымен бөлісті. Ол Қазақстанда электросамокаттармен сапарлар көбейгенімен, самокаттармен болған ЖКО саны азайып келе жатқанын айтты. 2023 жылы Астана мен Алматы қалаларында қызмет көрсету аясында болған 500 000 сапарға орташа ауырлықтағы жарақаттың 5 жағдайы тіркелді. 33 қолданушы құлау салдарынан сызаттар алды немесе жеке заттарын бүлдірді. Осылайша, "апаттық" сапарлардың үлесі 0,01%-дан аз. Велосипедтермен, мопедтермен және электромобильдермен салыстырғанда электросамокаттардың апаттылығы әлдеқайда төмен. Станислав Молчанов, сонымен қатар, Whoosh пайдаланушыларға қызмет көрсету ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салады және бұғаттайды деп қосты.

"Біз заң жобасын пысықтауды және көлік саясаты жөніндегі сарапшыларды тарта отырып, мәселені кешенді түрде қарауды өтінеміз. Бұл қателік электросамокаттардан қарағанда үлкен қауіп төндіретін мопедтер мен басқа көліктерді реттеу кезінде қайталанбайды деп үміттенемін", – деді Елена Ерзакович, қалалық мобильділік саласындағы халықаралық сарапшы және дөңгелек үстел қонағы.

Дөңгелек үстел спикерлері Қазақстанда электр скутерлерімен жүру ережелерін күрт қатайту оларды қалалық көлікке балама ретінде пайдалануды қиындатады деп келісті. Урбанистер ЖКО өсуін және жолдарда сыртқы бақылауы жоқ жеке электросамокаттар санының көбеюін болжайды.

"Әдетте, заң шығарушылардың құқықтың қолданылуына күмәні болса, қателіктерді болдырмаудың басқа жолдары таңдалады. ЖМҚ-ге сұраныс – бұл уақыт талабы және одан әрі өсе беретін тренд. Сондықтан алдыңғы қатарлы қалалар мен елдер микромобильділік үшін инфрақұрылымды жаппай және жылдам дамытуға тырысып, тыйым салмау керек", – деп атап өтті Urban Forum Kazakhstan басшысы және дөңгелек үстел модераторы Әділ Нұрмақов.

Сарапшылар қауіп төндіретін электросамокаттар емес, жауапсыз көлік жүргізу екенін атап өтіп, көлік жүргізу мәдениетін және жол қозғалысының барлық қатысушыларынының өзара сыйластығын арттыру, сондай-ақ ең бастысы көлік, жаяу жүргіншілер мен ЖМҚ ағындарын бөлуге мүмкіндік беретін инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүргізуге шақырды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары