Тікелей эфир

"Самұрық-Қазына" қоры тәуелсіз директорларының жалақысы қысқарды

Қордың басқарушы директорларының саны екі есе азайған.

"Самұрық-Қазына" ұлтық әл-ауқат қоры топ-менеджерлерінің жалақысы қысқарды. Бұл туралы қордың басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

"Қоржындық компаниялар басшыларының жалақысы туралы айтар болсақ, ол компанияның қаржылық көрсеткіштеріне орай бекітіледі. Нормативтер 2016 жылы бекітіліп, содан бері әлі өзгерген жоқ. Сыйақы, сыйлықақы қоры жайында сөз қозғасақ, ол да қызмет көрсеткіштеріне, жеке немесе корпоративтік жоспарлардың орындалуына тікелей байланысты. Яғни, бұл сома да бюджеттермен шектеледі", – деді Алмасадам Сәтқалиев.


Оқи отырыңыз: Сапарбай Жұбаев: "Самұрық-Қазына" активінің ЖІӨ-дегі үлесін 10-15 пайызға түсіру керек


Сонымен қатар ол тәуелсізді директорлардың жалақысына қатысты мәліметтерді жария етті.

"Танымал, біліктілігі жоғары, халықаралық деңгейдегі маманның болуы қызметіміздің ашықтығын білдіреді және халықаралық инвестициялық қауымдастықтың сенімін қамтамасыз етеді. Тәуелсіз директорлар барлық акционерлердің, оның ішінде мемлекеттің де қорғанысын қамтамасыз ететіндігін түсіну қажет. Өйткені, олар үшін бедел тәуекелі, менеджмент сапасы, ашықтық мәселелері, қателік жібермеу – негізгі жұмыс. Әдетте мұндай адамдардың жалақысы жоғары болады", – деді қор басшысы.

Дегенмен, Алмасадам Сәтқалиев тәуелсіз директорлардың жалақысы қайта қаралып, қысқарғанын жеткізді. "Тәуелсіз директорлардың жалақысын, сыйлықақыларын барынша қысқарту жұмысы жүргізілді. Шамамен 30 пайызға қысқарттық. Басшылық қызметкерлердің жалақысы қысқарған жоқ. Бірақ, біз басқа жолмен жүріп, басқарушы директорлардың санын екі есеге азайттық және жалақы қоры қысқарды", – деді ол.

Серіктестер жаңалықтары