Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша сотталған Бақытжан Байжанов бостандыққа шыққалы жатыр. Бұл ақпаратты адвокат Ғазиз Ынтықбаев растады.
Еске салайық, 2024 жылдың маусым айының соңында сот үкімі заңды күшіне еніп, Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырып қалғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған болатын.
2024 жылдың қыркүйегінде Бақытжан Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш бергенімен, кейін оны кері қайтарып алды. Оның адвокаты мұндай шешімнің себебін жарияламады, бірақ сотталған азаматтың кассациялық шағыммен қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтты.
2025 жылдың шілдесінде Степногорск қаласының соты амнистия қолдану туралы өтінішті қанағаттандырып, Бақытжан Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Сол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Бұған дейін оның 2026 жылдың қараша айында босап шығатыны айтылған.
Биыл 14 мамырда Кассациялық сот сотталғанның шағымын қарап, бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот алқасы қорғаушы тараптың бас бостандығынан айырмайтын немесе шартты жаза тағайындау туралы уәждерін негізсіз деп таныды.
Салтанат Нүкенованың өлімі: Бақытжан Байжанов рақымшылыққа өтініш берді
Салтанат Нүкенованың ағасы Қуандық Бишімбаевтан қомақты қаражат өндіріп алды