Тікелей эфир

"Қызым өмір сүретін қоғам үшін өзімді, айналамды өзгертуім керек". Суретші Мөлдір Қарубайқызымен сұхбат

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Суретші сұхбатында ізденістері мен ойлары, жақында өткен "Тамыр" атты жеке көрмесі туралы әңгімеледі.

Суретші Мөлдір Қарубайқызы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кескіндеме бөлімін бітірген. Қазір ҚазҰӨА мектеп-интернат, колледжінде сабақ береді. Жиырма жылдан бері қолына қылқалам алып, сан түрлі бояумен әртүрлі жанрда және формада сурет салып келеді. Мөлдірдің картиналарынан ашық-жарқын түстерді, қанық бояуды, еркін кеңістікті, жинақы ойды аңғаруға болады. Суретші әйел, ана болу тақырыбын көп көтереді. Әсіресе "Тамыр" атты жеке көрмесіндегі "Жеті апа" жұмысы терең ойға батырады. Мөлдір шығармашылығында тамырын тануға талпынып, болашақ қоғамды жақсартуға ұмтылады. Информбюро тілшісі "Тамыр" көрмесі болған кезде суретшімен тілдескен еді. 

– Мөлдір, сурет өнерінде өз жолыңызды қалай таптыңыз? 

– Өнер академиясында бізге тек академиялық жобаларды үйретті. Айналадағы дүниені салдық. Адамдардың сұлбасын сыздық. Қатып қалған шеңберден шығуға, оны бұзуға біраз уақыт кетті. Академияны бітірген соң "енді не істеймін?" деп ойладым. Форма, түр-түс, қағазда қалай жұмыс істеуді, композицияны іздедім. 2012 жылы оқу бітіргеннен кейін он жыл бойы ізденісте жүрдім. Тұрмысқа шыққаннан кейін өзімді бейнеледім. Үйде қамалып қалған сияқты айнадан өзімді, өз тұрмысымды көретінмін. Суреттерді салып, түс бердім. Бүкіл түстер маған сұр секілді боп көрінетін. 2016 жылы Матисс деген суретшіден түстер алып, жарық түстер жасап алғаш рет "Шағылыс" деген жеке көрмемді өткіздім. Сосын бөпем өмірге келді. Тағы да суретші ретінде өзімді жоғалтып, қоғамға керек еместей сезіндім.

Кипрдегі симпозиумға қатысып, екі айдай түрлі тақырыпта сурет салдым. Қайтадан академияда оқығандай әсерде болдым. Елге келген соң тағы да өзімді іздедім. Суретші екенімді түйсініп, бойыма күш-қуат бітіп, шеберхана жалдап, материалдар алдым. Бірақ не салатынымды білмедім. Кішкентай балалармен жұмыс істеп жүрген кезім. Олардың жұмысында тәтті тазалық көрінді: құмырадағы гүлді ерекше қылып сала салады. Балалардың жұмысын біраз көшіріп жүрдім.

Мұным дұрыс болмас деп фотосуреттерді қарағанда жануарлардың суреттері ұнап кетті. Олар табиғи еді. Фотоға шынайы түседі. Адамдар түскенде қылмыңдап, денемізді түрлі қалыпта ұстаймыз. Ал жануарлар шынайы. Қолыма ерік беріп, бала секілді жануарлардың сұлбасын сыздым. Үлкен кенептер алып, жануарларды үлкейттім. Бірақ мұны адамдарға көрсетуге қорықтым. Мұғалімдер не дейді, орта не дейді деген ой көп болды. Қорықпай суреттерімді көрмеге қойдым. Күлгін ат пен кішкентай құлынды аудитория жылы қабылдады. Қорқынышымды жеңдім. Не болса да салуға болады екен. Ол кезде сурет ешқандай ой айтпауы керек, әдемі, қағаз бетінде орындалуы жақсы болса болды деп ойлап жүргенмін.

Шымбұлақта өткен симпозиумда суретші Сырлыбек Бекботаевты кездестірдім. Ол "контемпорари арт" бағытында жұмыс істейді. Пленар кезінде бізге "Неге әлі тау тасты, табиғатты салып жүрсіңдер? Тақырыпты түрлендіріп, экология не Қаңтарды алуға болады ғой" – деді. Шынында, керек емес тақырыпты салып жүрген сияқтымын деп ойым өзгере бастады. Суретшілер өз арамызда форма, түс, техникалар туралы әңгімелесетін едік. Философия, қоғамдағы мәселелер қозғалмайтын.

– Ал "Тамыр" көрмесінде қойылған жұмыстарыңыз қалай дүниеге келді?

– Екінші көрмемді "Ағару" деп жасағым келді. Өзімді бетон ішінде жүргендей, өмірден қалып қойғандай сезіндім. Бетонды басыма құйып бір дүние жасағым келген. Кураторға айтқанымда заманауи өнермен айналыспағандықтан тағы ізденіп, ойымдағының бәрін жүйелеу керек деді. Теорияшылардың кітабын оқыдым. Жылқылар жайлы "Іздер" көрмесіне дайындалғанда шеберхана алып, өз көрмеме де дайындалдым. Қазақша подкастар тыңдадым. "Сана" бағдарламасының барлық санын көріп шықтым. "Еркін адамдардың" жиынынан қалмадым. Ойларымды жинап, "кіммін, не істеп жүрмін" деп көп іздендім.

Өткенімізге, тарихымызға үңілгім келді. Отар болдық. Жан жарасы, комплекстің бәрі сол жақтан келгенін білмеппін. Ашылып, өзімді тани бастадым. Әлеуметтанушы Ғалым Жүсіпбектің сөзі есіме түсті. Постколониал кезеңде дәстүрімізді жаңғырттық та, ою салып кеттік. Ал деколонизация, яғни отарсыздану кезінде не істеуге болады? Осы сұрақты ою бейнесіндегі тамыр арқылы көрсеткім келді. "Бір қыз жетпейді, ер бала тууың керек" дейді. Неге мен ұрпақ жалғастыруым керек? Бәріміз бір атаның баласымыз. Тамырымыз бір. Басқа балалар да туысқан ғой. Неге бөлінеміз? Осыны әртүрлі тамыр арқылы көрсеткім келді. Өзіме ұнады. Куратор да жақсы идея екенін айтты.

Сурет салғанда бір жұмыстан бірнеше серия жасай алсаң жақсы. Тамырдан бірнеше серия жасай алатынымды түсіндім. Әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Тамырды салғанда қолым өзінен-өзі жүретін. Ең бірінші сурет адамға ұнауы керек. Тамырдың бірнеше нұсқасын жасап, үлкейте бердім. Апалар текеметті тамақ-шайын ішіп, көңіл-күйін көтеріп барып қана басады екен. Сонда текеметте жақсы энергия қалады деседі. Адамдар қарағанда ауырлық көрмесін деп мен де жұмыстарымды көтеріңкі көңіл-күйде жүріп салдым. Жұқа киідзен ою қиып, тамырларға пішін бергім келді. Қайшымен қиған ұнады. Оларды жапсырып, энергетика болсын деп саусақпен текстуралық паста жақтым. Пір деген жұмысымда біреуді пір тұтып, табынып, жақсы деп артынан еріп кетуге болмайтынын меңзедім. Молданың айтқанын істеме, жасағанын істе дейді. Екі жағы ақ-қара, ал ортасы алтын үш картина шықты. Бұл "алтын ортасын білу керек" дегенге саяды.

– "Жеті апа" атты туындыңыз ерекше екен...

– Концептуалды ой-идеясы бар алғашқы көрмем болған соң қиындау болды. Көрмеге келген адамдардың жанында жұмыстарымды түсіндіріп жүрдім. Зерттеуші Молдияр Ергебеков "тамырларыңа қыздардың бейнесін салшы" деп еді. Шынында, тамырымызда әйел адамдардың есімі жоқ. Жеті атамызды білеміз де, апаларымызды білмейміз. Әжемнен басқа ешкімді танымаймын. Апаларыма арнау ретінде әйелдің жыныс мүшесі бейнесінде тамырдан таралған "Жеті апа" деген картина жасадым. 

Мөлдір Қарубайқызының "Жеті апа" туындысы

– Сіз көрмеге эскиздеріңізді де қойдыңыз. Бұл кімнің идеясы?

 – Шеберханамдағы эскиздерді ашық көрсету ойымда болмады. Жинақтап жүрген күнделігім секілді еді. Куратор арт-кеңістікте орын бар екенін айтып, шеберханаңды көрсетейікші деді. Өзі шеберханама келгенде үлкен жұмыстарымнан емес, эскиздерімнен әсер алған екен. Бәрін өзі жыртып алып, қойып шықты. Кейбір сөздерді шимайлап қойдым.

Бұрын эскиздерімді біреу көріп қояды, көшіріп алады деп қызғанатынмын. Қазір ашық бола бастадым. Керісінше, менен көрсін, үйренсін. Ешқашан қызғанбауымыз керек. Ізденіс кезінде түрлі ой келді. Суретшілер шеберханамыздан шықпай, жұмыстарымызды тек көрмеде көрсетеміз. Бәрі көре берсін дедім. Арасында болашақта сызатын эскиздерім де кетіп қалды. 

– Өзіңізді феминист суретшімін деп есептейсіз бе?

– Феминизмге табиғи түрде келдім. Анам әкемнің жұмысын істеп жүретін. Тұрмысқа шыққан соң күйеуіммен үй шаруаларын бірге істейміз деп келісіп алдық. Жарыма көп рахмет, түсінді. Феминизм сөзін түсіне бермейтінмін. Әйелдер арасында өзекті тақырып екен. 2019 жылы шеберханама бір қыз келіп, жұмыстарымды көрген соң маған феминист екенсің деді. Биыл тереңірек үңіліп, әйел мен ер адамның теңдігі, әйелдің ғана емес, бүкіл адамның, тіпті баланың құқығы қорғалуы керек екенін түсіндім.

Отбасылық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған "Есік артында" әлеуметтік өнер жобасына қатысып, Венера деген әйелдің бастан кешкенін бейнеледім. Өте ауыр оқиға. Кенепке түсіргенде қиналдым. Еш кінәсі жоқ екіқабат әйелді күйеуі аяусыз тепкілеген. Аяғы ауыр, үш баласын құшақтап, бүгіліп отырған әйелді салдым. Қай жақтан көмек келеді деген қорқыныш. Ұрып тепкілесе де, шыдап жүре беретін әйелдер көп. Қып-қызыл қылып салып шықтым. Сыртын қарамен боядым. Айтпау керек, ұят болады деп қорлық көріп жүрген әйелдер көп. Анасына барса қайтарып жібереді. Ең алдымен ер адам кінәсін сезінуі керек. Бұл тақырыпты көтерем және өзімді феминист санаймын. Адам құқығын балаға кішкентайынан үйрету керек. 

Мөлдір Қарубайқызының "Қорқыныш" туындысы

– Көрмедегі жұмыстарыңыздан, эксиздерден әйелдердің жыныс мүшесін көруге болады. Сіздің ойыңызша, мұны бейнелеу ұят па, ұят емес пе?

– Еш ұят емес. Табиғи нәрсе. Қайта айтып, көрсетуіміз қажет. Қазір студенттер еркін сөйлеседі, барлық тақырыпты талқылай береді. Керісінше, балалар білсін. Түсіндірейік. Ұят деп білмегендіктен кейін таяқ жеуі мүмкін.

– "Тамырда" неліктен күлгін түс басым?

– Интуитивті түрде солай болды. Күлгін түсті жақсы көремін. Сөйтсем феминизм түсі екен. Өзім өзгеріп, "Құлынды" салғанда күлгін түске боядым. Содан кейін ол түсті көп салдым. Бірақ феминизм түсі екенін білген жоқпын. Жарық қылып, жанып тұрсын дедім.

Тамырды салғанда тез салынды. Ал ағашты салу қиынырақ. Өйткені болашақты салу қиын, не болатынын білмейсің. Десе де болашақты жақсы көремін. Алда істейтінім көп сияқты. Экология тақырыбына ауысып жатырмын. Суды қатты үнемдеймін. Қоқыс тақырыбы қызықтырып жүр. "Жеті апа" идеясын жалғастырып, жеті қыздың басын қосып олардың ойлары, үрейлері туралы көрме жасағым келеді.

– Көрмеге келетін адамдар қатары көбейді ме?

– Көрмені тек суретшілер, оған жақын адамдар тамашалайды. Қарапайым адамдар келмейді. Көбінесе әлеуметтік желілерден қарайды. Суретшілердің жұмысын медиа арқылы таратқан дұрыс.  

Көрме болып жатқанын білмей, кездейсоқ кіріп тамашалағандар көп. Өйткені адамдардың қолы тимейді. Көрмеге баруға уақыты жоқ. Суретшілер көбірек көрме өткізуіміз керек. Өзекті тақырыптарды қозғап, бұрынғыны сала бермей, ащы мәселелерді көрсете алсақ. Бұрын бәсекелестерді өсірмеңдер дейтін. Қазір, керісінше, бәсеке бар жерде дамиды. Бұрын атақты болуым керек деп ойлайтынмын. Кейін ақшаның да,атақтың да маңызды емес екенін ұқтым. Қызым өмір сүретін қоғам күшті болсын десем қазір өзімді, айналамды өзгертуім керек. Жастарға білгенімді айтып, білмегенімді үйретіп жүргенде қызғаныштан айықтым. Бәрінің ақысы бар. Ақшасыз қалмайсың. 

– Туындыңызда сіз салған ойды адамдар басқаша түсінуі мүмкін ғой?

– Ойсыз көп картина салдым. Өнертанушылар өз ойын айтқанда таң қалатынмын. Картинаны көрермен өзі жасап алады. Суретші сөйлемейді. Мысалы, бір туындымнан біреу ашаршылықты, біреу ислам дінін көріп жатады. Ал мен ол картинаны салғанда ешқандай ой болмады. 

Интуитивті түрде салып кетеміз. Композиция құрастырған кезде арнайы салмай, аяқ асты шыққан сурет әсерлі болады деп үйреткен. Ойға кетіп қалғанда сурет ерекше шығады. Суретті қиналмай, жеңіл салу керек.

Маған еркек сияқты жазасың деп көп айтады. Мақтап жатыр деп ойлайтынмын. Көп жерде ер суретшілер жүреді. Әйел суретшілер аз. Айналамда тұрмысқа шыққан суретші әйелдер басылып қалды. Қыз балаға сурет өнерін таңдау оңай емес. Десе де қатарластарым көбейіп келе жатыр. Оқуға түсетін қыздар көп екені қуантады. Ақша табу үшін кейбіреулер талантын құрбан етеді. Еркіндігімді шектемеген күйеуіме алғыс айтамын. Бойымда талантым бар. Кішкентайымнан оқыдым. Әйел болдым, бала тудым деп қалай тастап кетемін. Обал ғой. Әйел адам карьера жасауы қажет. Баланы күйеуі екеуі бірге қарауы керек. "Үйде отыр", "тамақ жаса" деген қазір болмайды. 

– Цензура бар ма?

Болады. Заманауи өнердің бөлініп жүргені сол. Қастеев музейіне мұндай жұмыстарды қоя алмайсың. Феминистік көзқарасты қолдамайды деп ойлаймын. Ол жақта көп іріктейді, ұнағанын ғана алады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от MÖLDIR QARUBAIQYZY (@smoldir_artist)

Идеяны суретші өзінің тілімен жеткізуі керек. Осы уақытқа дейін идеясыз жүрдім. Айтқан ойды електен өткізіп, образ жасайды. Күшті тілде берсек мықты боламыз. Академияда үйренгенімді қосып, әлі көп жұмыс істеуім керек. Жатырды салған себебім енді ғана оянып, бәйшешек секілді бүр жарып шықтым деп ойлаймын. Қазақ қоғамының ғана емес, жаһандық проблемаларды қозғағым келеді. Әлі де оқуым керек.  

Қабырғаға скочтпен жапсырған "банан" көп талқыланды ғой. Оны барлығы уақытша деген мағынада қойды. Ол жерде қазір банан да, скотч та жоқ. Идея қалады. Адам бананды емес, автордың идеясын сатып алды. Идеяны бағалап тұр. Біз көштен қалып қойғандаймыз, десе де көш жүре түзеледі. 


Суреттер Мөлдір Қарубайқызының жеке архивінен. Бірнеше фотоны жылжытып көруге болады. Мөлдірдің академияда оқып жүргенде салғаны, оқу бітіргеннен кейінгі ізденістері, тұрмыстағы шығармалары, Кипрдағы симпозиумда салған туындылары, жануарлар бейнесі, "Тамыр" көрмесіне қойылған картиналары топтастырылған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары