Тікелей эфир

Садыр Жапаров Ақаевтың хаты туралы: Зейнетақы мен күзетке мұқтаж деп ойламаймын

Қырғыз басшысы бұрынғы президенттер Атамбаев пен Бакиев туралы да ойын айтты.

Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров Асқар Ақаевтың өзіне "экс-президент" мәртебесін қайтару туралы елдің парламентіне жазған хатына қатысты "Кабар" агенттігіне пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл мәселені парламенті, яғни Жогорку Кенеш шешеді және Асқар Ақаев бұл мәселе жөнінде Садыр Жапаровпен алдын ала ақылдаспаған. 

"Мен Асқар Ақаевты "Құмтөр" ісі бойынша елге келген кезде екі рет көрдім. Үшінші рет Дубайда барлық президенттер жиналған кезде кездестім. Одан кейін көрген де, сөйлескен де жоқпын. Біз бұл мәселені талқылаған жоқпыз", – деді Садыр Жапаров. 

Қырғызстан басшысының ойынша, Асқар Ақаев бұл хатты елдің тарихында экс-президент ретінде қалуы үшін жазған. 

"Асқар Ақаев қазір 80 жаста. Оны зейнетақы, күзет не тағы басқа дүние қызықтырады деп ойламаймын. Ол қазір де күзетсіз еркін жүр", – деген Садыр Жапаров Алмазбек Атамбаев пен Құрманбек Бакиевке де қатысты пікірін айтты. 


Оқи отырыңыз: Асқар Ақаев Қырғызстан парламентінен өзіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрады


Журналист егер бұл президенттер де мәртебесін қайтару туралы хат жазса, не болатынын сұраған. 

"Меніңше, Атамбаев пен Бакиевтің жағдайы Ақаевтан бөлекше. Ақаев елден қашқан кезде құрбандар болған жоқ, қылмыстық іс қозғалмады, ол іздеуге жарияланған жоқ. Әрине, Асқар Ақаев ел билігінде болған кезде көптеген "минустар" болды. Бірақ, ел тәуелсіздік алған бұл жылдары болған оң өзгерістерді де жоққа шығаруға болмайды. Ал Атамбаев пен Бакиевтің ісінде адам құрбандары бар. Сондықтан, парламент олардың экс-президент мәртебесін қайтарып беруі дұрыс болмайды деп есептеймін. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер де бар", – деп жауап берді Садыр Жапаров. 

Серіктестер жаңалықтары