Роза Рымбаева, Иманбек, "Дос-Мұқасан": Алматыда Қала күні қалай өтеді

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Алматыда 19-20 қыркүйекте ондаған мерекелік шара ұйымдастырылады.

Алматыда Қала күніне орай мәдени, спорттық, отбасылық, білім беру және ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Негізгі мерекелік бағдарлама 19 және 20 қыркүйекте қаланың орталық алаңдары мен барлық сегіз ауданында өтеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Негізгі алаңдарда концерттер мен фестивальдер өтеді

Мерекенің басты алаңдары – Абай және "Астана" алаңдары, Панфилов пен Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелері, сондай-ақ "Алатау" дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаң.

Абай алаңында екі күн бойы Otbasy Fest бағдарламасы өтеді. Мұнда "Алма аймағы", "Шеберлер қалашығы", балалар алаңы, AI & ROBOT ZONE, крафт ойындар аймағы және фуд-корт жұмыс істейді.

19 қыркүйекте "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағын табыстау рәсімі өтіп, "Сазген сазы", Қазақ мемлекеттік циркі, ASU және "Алатау" театры өнер көрсетеді. Кеште Ratovich пен NE PROSTO ORCHESTRA концерттері ұйымдастырылады.

20 қыркүйекте "Алматы, менің Алматым", "Жырлайды Алматы!" концерттері өтеді. Кішкентай көрермендерге D Billions өнер көрсетеді. Сахнаға Мәдина Сәдуақасова, Ұланғасыр Қами, Шахизада, Бағлан Әбдірайымов және басқа да өнерпаздар шығады.

"Астана" алаңында 19 қыркүйекте күндіз мерекелік концерт, кешке Almaty Vibes фестивалі өтеді. Бағдарламада Мақпал Жүнісова, Мирас Жүгінісов, KALIFARNIYA, ALPHA, Айдана Меденова және басқа орындаушылар бар.

20 қыркүйекте Almaty Zhuldyzy фестивалі ұйымдастырылады. Көрермендер алдында Kesh You, "Дос-Мұқасан", Роза Рымбаева, "Ялла" және басқа әртістер өнер көрсетеді. Кештің хедлайнері – DJ IMANBEK.

Панфилов көшесінде Alma Qala Fest фестивалі өтеді. Мұнда балалар, этно, эко, кино және Digital аймақтары, спорт алаңы мен фуд-корт жұмыс істейді. Фестиваль аясында 200 тоннадан астам Алматы апорты сатылымға шығарылады.

Жібек жолы көшесінде концерттер, театр қойылымдары және шығармашылық жобалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар 60-тан астам баспа мен кітап дүкені қатысатын дәстүрлі Kitap Fest кітап фестивалі өтеді.

Аудандарда да ауқымды бағдарлама дайындалды

"Алатау" дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда 19 қыркүйекте "Ән мен күйдің бесігі" атты үлкен концерт өтеді. Оған дәстүрлі музыка орындаушылары мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қатысады. 20 қыркүйекте театр "Алматыға махаббатпен" бағдарламасын ұсынады.

Қала аудандарында да түрлі іс-шаралар өтеді. Алмалы ауданында Сайран көлінің шығыс жағалауында концерт, спорттық және балалар алаңдары, қолөнер көрмесі ұйымдастырылады.

Әуезов ауданында "Тәтті алма" балалар байқауы, I Love Almaty концерті, Jas Vibe жастар бағдарламасы, ретроконцерт және мерекелік шоу өтеді. Бостандық ауданында ұлттық спорт жарыстары, Jas Fest жәрмеңкесі, балалар көрмесі, концерт пен DJ-сеттер жоспарланған.

Жетісу ауданындағы Алматы ипподромында ат жарысы мен ұлттық ойындар өтеді. Бағдарламада көкпар, құнан бәйге, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ және аламан бәйге бар. Мұнда "Ұлы дала ойындарының" салтанатты ашылуы өтеді.

Медеу ауданында "Менің Алматым" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі, "Гүлденген Алматы!" концерті және Терренкурда ашық аспан астындағы кино көрсетілімдері ұйымдастырылады.

Наурызбай ауданында Alma-Fest Circus көшпелі цирк бағдарламасы, мерекелік концерт, алма композицияларының көрмесі және кино көрсетілімі өтеді. Түрксіб ауданында С. Сейфуллин атындағы саябақ пен Сауранбаев көшесінде концерт, интерактивті алаң, караоке және ашық аспан астындағы кино ұйымдастырылады.

Алатау ауданында "Алатау" дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда қазақстандық орындаушылардың қатысуымен концерт өтеді.

Сонымен қатар Қала күніне орай Алматы музейлерінде тақырыптық көрмелер, театрларда спектакль премьералары, цирк бағдарламалары, байқаулар, қайырымдылық және экологиялық акциялар, сондай-ақ спорттық шаралар ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарламаның толық нұсқасын Instagram желісіндегі @almatymadeniet парақшасынан көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау