Алматыда әкімшілік құқық бұзушылық үшін ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көліктерді эвакуациялау мен сақтау ақысының бірыңғай тәртібін енгізу ұсынылды. Тиісті шешім жобасы қалалық мәслихаттың қарауына шығарылды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған тәртіп барлық көлікті эвакуациялау жағдайына қатысты емес. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес ұсталып, арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге ғана қолданылады.
"Жоба бойынша көлік санатына қарамастан эвакуациялау құны 3 АЕК мөлшерінде белгіленеді. Бұл төлемді есептеу тәртібін біріздендіруге бағытталған. Көлік иесі эвакуацияланған күні сағат 18:00-ге дейін автокөлігін арнайы тұрақтан алып кетсе, сақтау ақысы алынбайды. Бұл жағдайда тек эвакуациялау құны төленеді. Егер көлік 18:00-ден кейін арнайы тұрақта қалса, сақтау ақысы есептеледі. Ал алғашқы тәулікке төмендетілген тариф қарастырылған", – делінген хабарламада.
Мысалы, жеңіл автокөлікті арнайы тұрақта сақтау құны алғашқы тәулікке 2,5 АЕК, кейінгі әр тәулікке 5 АЕК болады. Өзге санаттағы көліктер үшін тариф олардың түрі мен сипаттамасына қарай сараланады. Бұл тәртіп 2025 жылы "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістерге негізделген. Оған сәйкес Алматы мен Астана қалаларының мәслихаттарына коммуналдық меншіктегі арнайы алаңдар мен тұрақтарға ұсталған көліктерді жеткізу және уақытша сақтау ақысын белгілеу өкілеттігі берілген.
Тарифтерді есептеу кезінде эвакуаторларды пайдалану және күтіп ұстау, арнайы тұрақтардың тәулік бойы жұмыс істеуі, күзет, коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылым шығындары ескерілген. Қолданыстағы талап бойынша арнайы тұрақтар бейнебақылау, жарықтандыру, қоршау, бақылау-өткізу пункті және тәулік бойы күзетпен қамтамасыз етілуі тиіс.
Жоба қажетті рәсімдерден өтіп, оң қорытынды алған. Құжат қабылданған жағдайда Алматыда ұсталған көліктерді эвакуациялау және арнайы тұрақта сақтау құнын есептеудің бірыңғай тәртібі енгізіледі.