Тікелей эфир

Республикалық VI Паралимпиада ойындарына астаналық 66 спортшы қатысады

Паралимпиада ойындары 10-30 мамыр аралығында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында өтеді.

Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық манежінде елордалық спортшыларды ҚР VI Паралимпиадалық ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен спортшылармен тілдесіп, жарыс алдында сәттілік тілеп, қала намысын қорғайтын спортшыларға қолдау білдірді.

"Елімізде алтыншы рет өткелі тұрған Паралимпиада ойындарында сіздерге сәттілік тілеймін. Президенттің бұқаралық спорт түрлерін дамыту бойынша берілген тапсырмасы жүйелі түрде орындалып жатыр деп айта аламыз. Астанада параспорт түрлері жақсы дамып келеді", – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, паралимпиадалық ойындар елімізде төрт жылда бір рет өтетін ірі кешенді жарыстардың бірі болып табылады.

Еске салайық, үш кезеңнен тұратын сайыс 10-30 мамыр аралығында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларында пара футбол, голбол, жеңіл атлетика, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара оқ ату, пара үстел теннисі, пара дзюдо, пара волейбол, пара жүзу спорт түрлерінен өтеді.

Серіктестер жаңалықтары