Қызылордадағы ЖЭО жөндеу жұмыстарына 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкімет Қызылордадағы Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығын реконструкциялау жобасын жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі. 

Атап айтқанда, қаражат Қызылорда қаласы тұрғындарын орталықтандырылған жылумен жабдықтауды үш көзден: 

негізгі ЖЭО, Оңтүстік және автономды қазандықтар арқылы қамтамасыз ететін жалғыз кәсіпорын "Қызылорда жылу электр орталығы" МКК-ға бағытталады.

"Қазіргі таңда Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайда және резервтік қуатсыз жұмыс істеп тұр. Оларды реконструкциялау жобасын жүзеге асыру 2024 жылы басталған, үкімет резервінен 2,04 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 655 миллион теңге бөлінген болатын. Аталған кезеңде суды химиялық тазарту қондырғыларын ауыстыру, ескі қазандықтарды бөлшектеу, сонымен қатар жаңа жабдықтар жасау үшін зауытқа өтінімдер беру бойынша жұмыстар орындалды", – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның аяқталуы алдағы жылыту маусымына дайындалуға және қаланың оңтүстік бөлігі тұрғындарын: 197 көппәтерлі тұрғын үй кешенін, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.  

"Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірде жылу желілерін жөндеу бойынша төрт жобаны іске асыру көзделіп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары