Тікелей эфир

Қызылорда облысында суға кету мен терезеден құлау дерегі көбейді

Суда адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу және су көліктеріндегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау.

25 шілде – Дүниежүзілік суға батудың алдын алу күні. Бұл әлемдік ақпараттық-түсіндіру жұмыстары суға батудың отбасы мен қоғам үшін ауыр әрі қайғылы жағдай екеніне назар аудару, мұндай жағдайдың алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған. Соған орай Informburo елімізде осы бағытта құтқарушылар қандай іс-шара атқарып жатқанын және азаматтардың қандай жағдайда суға кететінін білді.

Қызылорда облысында суға түсу маусымы басталғалы өңірде 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қаза тапты. Оның төртеуі де бала. 2023 жылы суға түсу маусымында екі адам қайтыс болған. Бұл туралы Қызылорда облысы төтенше жағдай департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жандос Жүгінісов айтты.

"Облыстағы су айдындарында, әсіресе Сырдария өзенінде азаматтардың әртүрлі себеппен қайғылы жағдайға ұшырауы, суға түсу маусымында балалардың қаза болуы өзекті мәселе болып отыр. Суда адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу және су көліктеріндегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамау. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаменті облыс аумағында адамдар көп шоғырланатын кинотеатр, ойын-сауық орталықтарында, сауда орындары, теміржол, автовокзал секілді орындарда судағы қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, үнпарақ таратып жатыр. Бұл профилактикалық жұмыстарға еріктілер де жұмылдырылды", – дейді Жандос Жүгінісов.


Оқи отырыңыз: Майқайыңдағы апат: 7 айдан соң құтқарушылардың автобусы табылды


Жандос Жүгінісовтің айтуынша, балалардың жазғы демалысында 8 демалыс лагері жұмыс істеп тұр. Департамент қызметкерлері осы демалыс орындарында 2893 жасөспірімге жүзуді үйреткен. 

"Суға түсу маусымы басталған кезде осындай лагерьлерге қызметкерлеріміз барып, жүзуді үйретеді, қауіпсіздік ережелерін үйретеді. Бұдан басқа облыс әкімінің қаулысына сәйкес, Қызылорда облысы аумағында 4 коммуналдық жағажай бекітілді. Оның бірі – Қызылорда қаласындағы жеке жағажай. Жалпы облыс бойынша 18 стационарлық және 6 модульді бассейн бар. Департамент тарапынан суға түсуге қауіпті аймақтарда күнделікті сағат 11:00-ден кешкі 22:00 аралығында рейд ұйымдастырылған. Облыс ішінде судағы қауіпсіздік туралы да ролик көрсетіледі", – дейді Жандос Жүгінісов.

Оның сөзінше, рейд барысында заман талабына сай келетін дрон қолданылады. 

"Дрондардың түнгі уақытта пайдасы өте көп. Суға шомылу маусымы 1 маусымда басталып, 31 тамызда аяқталады. Алайда Қызылорда өңірінің ауа райына байланысты департамент осы жұмысқа кіріседі. Жұмыстар қазанға дейін жалғасады. Себебі өңірде 20-30 қыркүйекке дейін күн ыстық болады. Ол уақытта да адамдар шомылуға баруы мүмкін", – дейді Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы.

Қызылорда облысы мәслихатының шешімімен 63 суға түсуге қауіпті учаске белгіленген. Сол жерлерге жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 334 ескерту тақтайшасы мен 92 бильборд орнатылған. Департамент өкілі бұл қауіпсіздік шаралары мен қауіпті аймақтар туралы халықтың құлақтанғанына статистика жүргізіліп отыратынын айтады. Ол үшін арнайы үнпарақ 10-20 мың дана етіп таратылады.

"Биыл үш оқиға болып, төрт адам қаза тапты. Бір жағдайда екі бала бір мезетте суға кеткен. Қызылорда қаласында белгіленбеген орынға суға түскен екі жасөспірім қаза тапты. Олар судағы қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Бір жағдайда Арал ауданында көлге отбасымен бірге су көлігімен серуенге шыққан бала қаза тапты. Су айдынында көлік аударылып, 5 жастағы қыз қайтыс болды. Бір оқиға Шиелі ауданында болды. Жасөспірім жардан секірген кезде абайсызда қаза тапқан. Шиелі ауданында Бәйгеқұм деген елдімекен бар. Ол суға түсуге тыйым салынған жер, бірақ соған қарамастан халық баруын тоқтатпай отыр. Осыны алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті, көлік инспекциясы, полиция департаменті бірлескен рейд ұйымдастырып, демалыс орындарына жеке-жеке барып, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатыр", – дейді маман.


Оқи отырыңыз: Солтүстікте көктемде су басқан аумақ үйілген қоқыс алаңына айналған


Ал судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған жағдайда көлік не жеке тұлғаға айыппұл қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 412-бабына (су айдындарында қауiпсiздiк қағидаларын бұзу немесе орындамау) сәйкес, жеке тұлғаға 7 АЕК айыппұл салынады. Ал лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК айыппұл қарастырылған.

"Осындай жағдай бойынша 33 әкімшілік хаттама толтырылып, 431 964 теңге өндірілді. Бұл былтырмен салыстырғанда көп. Жеке құрамға жаңа қондырғы, тіркеуіш алып берілді. Су айдындарында тәртіп бұзылған жағдайда соның бәрі көрініп тұрады. Соны азаматтарға көрсетіп, айыппұл саламыз", – дейді Жандос Жүгінісов.

Оның айтуынша, Қызылорда өңірінде аптап ыстық болған кезде терезеден құлап кету дерегі көбейеді. Соған байланысты маман тұрғындарға бірқатар кеңес берді.

"Маусымда "Қазгидромет" ақпаратына сәйкес өңірдегі ауа райы 40-45 градус ыстық болды. Сол уақытта төтенше жағдай, оқыс оқиға көп болады. Соның алдын алу мақсатында жеке телефонға SMS-хабарлама жіберіп, ескерту жібереміз. Ол жерде күннің ыстық болатыны немесе белгіленбеген жерде суға түсуге болмайтыны жазылады", – дейді Жүгінісов.

Айтуынша, күннің ыстық болуына байланысты көп қабатты үйде тұратын тұрғындар терезесін ашып қояды. Оған байланысты терезеден құлап кету фактілері де көбейеді. 

"Терезеден құлауға қатысты 12 дерек тіркеліп, 13 бала жарақат алды. Қаза болғандар жоқ. Сол себепті азаматтардан балаларын қараусыз қалдырмауын, тұрмыстық жиһаздарды терезе алдында қалдырмауын сұраймыз. Одан бөлек күн ыстық кезде өрт қауіпсіздігін сақтау міндетті", – деп толықтырды маман.


Оқи отырыңыз: Ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай: зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды


Маманның айтуынша, облыс департаменті қазір үш бағытта жұмыс істеп жатыр. Ол судағы қауіпсіздік, орман дала өрттері және терезеден құлау жағдайы. Соған байланысты департамент ата-аналарға қырағы болуға кеңес берді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары