Түркістан облысы Кентау қаласында болған жойқын жарылыстан қаза болған 20 жастағы Бақдәулет Мұсаның жақындары қайғылы оқиғаға кінәлі барлық тұлғаны жауапқа тартуды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, жарылыс болған дәмханада қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қайғылы жағдай Жаңа жыл түні көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ баллоны жарылған кезде орын алған. Сол сәтте 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы оқиға орнында көз жұмды. Ал денесінің 90 пайызын күйік шалған Бақдәулет Мұса сегіз күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, кейін өмірден өтті.
Марқұмдардың жақындарының айтуынша, дәмханада өрт сөндіретін құралдар болмаған. Қызметкерлер мен келушілер жанып жатқан жігітті өшіру үшін қымыз құюға мәжбүр болған.
Бақдәулет Мұса – Шымкенттегі жоғары оқу орнында дене шынықтыру мамандығы бойынша оқыған 3-курс студенті, дәмханада бір ай бұрын аспаз болып жұмысқа тұрған. Ол алты баланың төртіншісі, футболмен айналысып, түрлі жарыстарда жүлделі болған. Марқұм мен Дана Сағынғалиқызы көктемде үйленуді жоспарлаған.
Туыстары кәсіпкер мен жауапты мемлекеттік органдардың салғырттығы қайғылы жағдайға себеп болды деп есептейді.
Ал Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, газ-ауа қоспасының жарылуынан кейін өрт шыққан. Құтқарушылар жалынды жедел сөндірген. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Қазіргі таңда тағы үш зардап шеккен адам ауруханада ем қабылдап жатыр.
USD:
460.7 / 463.5
EUR:
542.0 / 547.0
RUB:
6.03 / 6.15