Тікелей эфир

Қытайдан тауар 7-8 есе аз тасымалданып жатыр. Баға әлі өседі

Шекарадағы өткізу бекеттерінен күнделікті өтетін жүк көлігінің саны 50-ден аспайды.

Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан өткізу бекеттеріндегі шектеу әлі толық алынған жоқ. Пандемияға дейін Қытаймен шекарада өткізу бекеттерінен күніне 300-400 жүк көлігі өтсе, қазір олардың саны 50-ден аспайды. Бұған қарап, бағаның әлі де өсетінін болжауға болады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қазақстандық сауда сөрелеріндегі тауардың 70-80 пайызы Қытайдан тасымалданады. Сәйкесінше, қазір Қазақстанға жеткізілуі тиіс жаңа тауар жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде нарықтың көтерілуіне кері әсер етеді.

"Шекара жабық болған соң жаңа тауар мүлде келіп жатқан жоқ. Қоймадағы дүниелер таусылуға жақын. Халық көп тұтынатын тауарлар әу баста-ақ сатылып кетті. Ендігі қалғанындарын жеңілдікпен саудалап жатырмыз", – дейді электр жабдықтарын сатушы Данил Шаталов.

Кәсіпкерлердің бұл жағдайынан "Атамекен" кәсіпкерлік палатасы хабардар. Бірақ, мәселеге үкімет араласпаса, түйінді түйткіл тарқатылмайтынын айтады палата өкілдері. Олардың сөзінше, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы 5 өткізу бекетінің қазір үшеуі ғана жұмыс істеп тұр.

"Қазір еліміздегі кәсіпкерлер ауқымды шығынға батып жатыр. Қытай тарапынан жасалған шектеу нарыққа кері әсерін тигізуде. Сондықтан біз кәсіпкерлерге банктердегі несиесі және төлеуі тиіс салықтарына қатысты жеңілдік жасауды үкіметке ұсындық", – дейді "Атамекен" ҰКП Логистика және тасымал департаментінің директоры.

Бұл мәселе қаралып жатыр. Көлік логистикасынан бөлек, жүк пойыздарында шектеу бар. Күніне тек 200 вагон тауар өткізіледі. Ал мамандар меже бойынша тәулігіне 800-1000 вагон жүк тасымалдануы керек екенін айтады.

Серіктестер жаңалықтары