Тікелей эфир

"Қытай – Қазақстан" сауда-саттық келіссөздері: компаниялар не туралы келісті

В2В келіссөздеріне Қытай тарапынан 32 компания қатысқан.

Алматы қаласында "Қытай – Қазақстан" сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференцияда екі елдің кәсіпкерлері сауда-саттықтағы өзара іс-қимыл аспектілерін жан-жақты талдады. Кездесу барысында экспорт саласындағы көптеген жобаны іске асыруға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. 

Іс-шараға қатысушыларды халықаралық сауданы дамыту жөніндегі Чжэцзян кеңесінің Бас хатшысы Ян Цзя қарсы алды. Қонақтарды таныстыра отырып, ол "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы стратегиялық әріптестерге айналған ҚХР мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды еске салып, екі еліміздің кәсіпорындарының бірлескен іс-қимылы үшін өзара тиімді негізді атап өтті.

Ян Цзя ханым қытайлық компаниялардың қазақстандық бизнеспен бірлескен кәсіпорындар құруға, инвестициялық жобаларды әзірлеуге, технологиялармен алмасуға, экспорттық-импорттық операцияларға, сондай-ақ инновациялық салаға мүдделі екеніне назар аударды.


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады


Сондай-ақ, Қазақстан тарапынан "Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы" АҚ Төрағасы Қайрат Сәдуақасов Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының өзара тиімді ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің қандай оң өзгерістер алып келгенін баяндады. Қазақстан Қытай туристері таңдайтын елдер рейтингінде 40-орыннан 29-орынға көтерілген. Бұдан өзге бизнес ашу үшін қолайлы елдер тізімінде Қазақстанда 25-орында тұр. (Барлығы тізімде 119 ел бар).

Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Айбар Теменев Қазақстанның Қытай кәсіпкерлері үшін қаншалықты тартымды екенін айтып берді. Ол ҚХР қонақтарына Алматы облысында бүгінде 4 индустриялық аймақ құрылып жатқанын еске салды.


Оқи отырыңыз: 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықты не күтіп тұр?


Өз кезегінде сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі конференцияға қатысқан ҚХР-ның Алматыдағы Бас консулы Цзян Вэй қытайлық кәсіпкерлер қазақстандық достарымен бірге соңғы жылдары Қазақстан экономикасының түрлі саласында көптеген табысты жобаны жүзеге асыра алғанын атап өтті.

Конференция барысында В2В келіссөздеріне Қытай тарапынан 32 компания қатысқаны екі ел кәсіпкерлерінің ынтымақтастығына деген өзара қызығушылықтың айқын дәлелі болды. Сонымен қатар осы іс-шараны дайындау сатысында 100-ден астам қазақстандық компания оған қатысуға ниет білдіргені белгілі болды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары