Қырғызстан республикасы Жогорку кенешінің төрағасы Нурланбек Шакиев қырғыз тілінің мәселесін көтеріп, елде арабша сөздерді қолдану мен ұл-қызына арабша есім берудің белең алғанын сынады.
"Қазір арабша атау беру әдетке айналды. Бірақ, "Бакыт", "Таалай", "Элмырза", "Улукбек", "Чолпон", "Жылдыз", "Балбак", "Нурбек", Акылбек сияқты әдемі есімдеріміз бар. Балаларымызға нағыз қырғыз есімдерін бермесек, тіліміз түгіл, қырғыз есімі де жоғалады. Бұл өте қауіпті жағдай", – деді Кенеш төрағасы.
Сондай-ақ, ол тек ірі қалалар емес, шалғай ауылдардағы балалардың да орыс тіліндегі мультфильмдерді көру арқылы орысша сөйлеп кеткендерінде сынға алды.
"Сондықтан министрлер кабинеті барлық балаларға арналған шоулар мен мультфильмдерді дереу қырғыз тіліне аударып, қажет болған жағдайда басқа тілдердегі көрсетілімдерге шектеу қоюы керек. Тілімізді бүгінде сақтап қалмасақ, 5-10 жылда қырғыз тілінен мүлде айырылып қаламыз. Бұл терең назар аударуды қажет ететін мәселе", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Имамдар мешіт пен әлеуметтік желіде енді қалай уағыз айтады? Жаңа ережелерді түсіндіреміз
Еске салайық, таяуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Qazaqstan арнасына берген сұхбатында оразаға қатысты атаулардың арабша қолданылуына қатысты пікір білдірген болатын.
"Оразаға қатысты сырттан келген сөздер бар. Мысалы, сәресін біз сәресі деп келдік, кейбір жастарымыз оны "сухой" деп кетті. Ауызашарды біреулер ифтар деп айтады. Кейбір сөздерді ағылшын тілінде де айтып жатады. Көршілес орыс тілінде айтылатын сөздер бар. Бірақ, біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз керек", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.