Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Құрылтайдың жаңа құрамына кіретін сегіз өкілінің тізімін жариялады. Олардың қатарында партия төрағасы Асхат Рақымжанов пен Мәжілістің VIII шақырылымының депутаттары бар.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Құрылтайдағы өкілдерінің тізімі партияның Саяси кеңесі Президиумының отырысында бекітілді. Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кандидаттар тізімі бірауыздан қолдау тапқан.
ЖСДП атынан Құрылтай құрамына мына сегіз кандидат кіреді:
- Асхат Рақымжанов – ЖСДП төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Социалистік интернационал халықаралық ұйымының вице-президенті;
- Мақсұт Насибұлов – ЖСДП Орталық аппаратының басшысы;
- Нұрайнаш Қамалова — ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы;
- Лариса Ли – "PANA" жобасының жетекшісі;
- Аслан Құлмағамбетов – ЖСДП Астана қалалық филиалының экологиялық саясат мәселелері жөніндегі сарапшысы;
- Арман Ақылбай – ҚР Әділет министрлігі Персоналмен жұмыс департаментінің директоры;
- Наурыз Сайлаубай – ЖСДП Жастар қанатының жетекшісі, ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты;
- Ажар Сағандықова – ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, ЖСДП Әйелдер қанатының жетекшісі.
Партия өкілдерінің айтуынша, ЖСДП Құрылтайда сайлаушылардың мүддесін қорғауға және әлеуметтік-демократиялық бағыттағы бастамаларын іске асыруға басымдық береді.
"ЖСДП өз сайлаушыларына білдірген сенімі үшін алғыс айтады. Партия Қазақстан азаматтарының мүдделерін Құрылтайда одан әрі қорғауға және әлеуметтік-демократиялық бағыттағы бастамаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге дайын", – делінген партияның баспасөз хабарламасында.
"Ауыл" партиясы Құрылтайға ұсынатын депутаттарын жария етті