Құқықтық сауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғам негізі: Қарағанды облысында жастар форумы өтті

Құқықтық сауатты ұрпақ – қауіпсіз қоғам негізі: Қарағанды облысында жастар форумы өтті
Форум аясында Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде "Болашақ прокурор аудиториясы" ашылды.

Қарағанды облысында "Жастар – Заң мен тәртіптің тірегі" атты жастар форумы өтті. Шара прокуратура әкімдігімен, сондай-ақ экономикалық тергеу және полиция департаменттерімен бірлесіп, "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын насихаттау аясында өткізілді. Мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін көтеруге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қабылданатын шешімдерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Форум жұмысына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, ішкі істер министрлігінің комитет төрағасы Арманов Саданов, бас прокуратураның кадрлық жұмыс департаментінің бастығы Аида Ануар, экономикалық тергеу департаментінің бастығы Дархан Құрақбаев, сондай-ақ жастар ұйымдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев форумға қатысқан 15 мыңнан астам студентке Ата заңды оқып шығуға кеңес берді.

"Жаңа технологиялар дамыған сайын отбасында алған тәрбиеден бөлек, әлеуметтік желі жас өрендердің көзқарасы мен мінез-құлқының қалыптасуына қатты әсер етеді. Әсіресе оң-солын білмейтін жастар оңай олжаға қызығып, теріс жолға түсіп кетеді. Сондықтан, мемлекет басшысы айтқандай, бүгінгі ұрпаққа адамгершілік, жауапкершілік, заңға құрмет секілді қасиеттердің мәнін түсінікті тілмен, заманға сай тәсілдермен жеткізе білуіміз керек. Ол үшін жаңа Конституцияны оқып шықса жеткілікті.  Қазақстан тарихында тұңғыш рет мемлекеттік тілде жазылған Ата Заңымызды заңгерлер мен тіл мамандары оқуға жеңіл, түсінуге оңай етіп жазды. Бұл құжаттың мәнін түсіну өте маңызды. Өйткені, заңды білу оның талабын жаттап алумен шектелмейді. Оның түпкі мәні – адамның құқығы мен бостандығын қорғап, қоғамда тәртіп пен әділдікті сақтау. Осыны түсінгенде ғана заңға деген құрмет қалыптасады",- деді өңір басшысы.

Форум қатысушыларына есірткі таратуға, интернет-алаяқтыққа, қаржылық пирамидаларға және дропперлікке тартылған жастардың өмір жолы көрсетілді. Тәртіп сақшылары нақты мысалдар арқылы асығыс жасалған қадам немесе тез ақша табуға деген ұмтылыс ауыр құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екенін түсіндірді.

Облыс прокуроры цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, қылмыстың алдын алуда заманауи тәсілдерді талап ететін жаңа сын-қатерлерді де туындататынын атап өтті.

Іс-шара аясында прокуратураның бастамасымен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің заң факультетінде "Болашақ прокурор аудиториясы" ашылды. Ол прокуратура органдарының қызметі туралы тақырыптық стендтермен және ғылыми әдебиеттермен жабдықталған. Мұнда прокуратураның тәжірибелі қызметкерлерінің қатысуымен "Прокурорлық қадағалау" пәні бойынша сабақтар өтетін болады.

Форум ашық және интерактивті форматта өтті. Сарапшылардың баяндамасынан басқа, студенттерге ойындар, сұхбаттар және панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Оның барысында қатысушылар нақты сұрақтарды талқылап, ұсыныстарын білдірді.

"Заң мен тәртіп" – тек мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес. Бұл – әрбір азаматтың күн сайынғы саналы таңдауы. Құқықтық мәдениет пен жауапты қоғам дәл осындай таңдаудан басталады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау