Қазақстанда теміржол саласын цифрландыру аясында пойыз қозғалысын басқаруда жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында "Қазақстан темір жолы ҰК" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Шәкенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, "Қарағайлы – Көкпекті" теміржол учаскесінде АЙМАК RAIL пойыздар қозғалысын аралық реттеудің цифрлық жүйесі енгізілген. Жобаны дамыту барысында Starlink спутниктік жүйесі қолданылып отыр.
"2025 жылғы желтоқсан айында ұзындығы 247 шақырым болатын учаскеде Starlink арқылы жобаны кеңейту жұмыстары басталған. Бұл шешім теміржолдың өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді: бастапқы кезеңде тәулігіне т жұп пойызға дейін, ал кейін жеті жұп пойызға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар жүк тасымалы көлемі де артады. Бірінші кезеңде жылына 3 млн тоннаға дейін, ал екінші кезеңде 5 млн тоннадан астам жүк тасымалдау көзделіп отыр. Пойыздарды тестілік іске қосу 2026 жылғы сәуір айына жоспарланған", – деді Марат Шәкенов.
Бұдан бөлек, салада тағы бір инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Атап айтқанда, дизельді қозғалтқыш пен аккумуляторлық батареяларды біріктіретін гибридті маневрлік локомотивтер енгізілмек. Бұл технология отын шығынын азайтып, пайдалану шығындары мен зиянды заттар шығарындыларын шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.