Жыл басынан бері Қазақстанда есірткі жарнамасына қатысты 74 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, есірткі жарнамасына интернеттегі, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жарнамалардан бөлек, граффити, түрлі хабарландырулар және QR-код арқылы таралатын ақпарат та жатады.
Полицияның хабарлауынша, мұндай схемаларға көбіне жастар тартылады. Оларға есірткі дүкендерінің сілтемелері мен жазуларын таратып, ақша табуға уәде беріледі.
"Мұндай схемалар көбіне жастарды "оңай табыс" табуға уәде беру арқылы тартады. Жастарға осы жазуларды және есірткі дүкендеріне сілтемелерді тарату үшін ақша ұсынады. Ал ондай жарнаманы таратқандар үш жылға дейін сотталуы мүмкін", – деп хабарлады полиция.
Ал қылмысты саралауға негіз болатын қосымша белгілер болған жағдайда, жаза үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруды қамтуы мүмкін. Құқық қорғау органдары есірткі жарнамасын таратуға қатысудың заңдық салдары бар екенін ескертеді. Осы бағытта полиция әкімдіктермен, білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және волонтерлермен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және көшелерде кездесетін есірткі жарнамаларына сақ болуға шақырды.