Тікелей эфир

"Қонақты ру мен жүзге бөлу дұрыс емес". Қазақстанда той мәдениеті неге ақсап тұр?

Әнші Нұрлан Албан ең алдымен қазақ тілінің мәртебесіне көңіл бөлуге шақырды.

Алматыда бас қосқан дін өкілдері мен өнер қайраткерлері асабаларды жөнге салатын жол іздеп, тойды салт-дәстүр және дінмен үйлестіруге шақырды. Мұнымен қатар, қонақтарды ру-жүзге бөліп, мазақ етпесе екен деген тілек айтылды, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы.

"Кейінгі кезде халал, адал той деп айтып жүрміз. Меніңше, "қазақы той" дегініміздің өзі жеткілікті. Себебі, қазақ халқында арам той болмаған", – деді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қажы Қоңыратбайұлы.

Дін өкілдері мәселенің атауда емес екенін алға тартты. Айтуынша, ұятты шетке ысырып, арзан күлкі үшін қонақтарды масқаралайтын асабалардың әрекеті әлеуметтік желіде көп тараған. Осы орайда, актер Әділжан Шомбалов тойды рухани ілімі таяз жас асабалардың басқаратынына өкініш білдірді.


Оқи отырыңыз: Бәсіре, тілашар, айдар мен танабау тағу. Қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 10 салт-дәстүрі


"Білім болмаса, онда қандай өре болады? 100% болмаса да, қазақтың проза-поэзиясының 50 пайызын оқыса, мұндай жағдай қалыптаспас еді. Екіншіден, бұларға әй дейтін әже, қой дейтін көке жоқ", – деді актер Әділжан Шомбалов.

Дін өкілдері мен өнер адамдары тойдағы ысырапшылдық мәселесін де көтерді.

"Ысырапта жақсылық жоқ, жақсылықта ысырап жоқ" дейді. "Барым бала-шағамның жолында" деген секілді. Осы тойда асаба да, қонақтар да риза болсын, осыдан жаман нәрсе көрмесін деген жақсы ниеттегі дүниеге болса, онда тұрған ештеңе жоқ", – деді актер Мадияр Серікбаев.

Мұнымен қатар, діни басқарма өкілдері тойда түскен келінге енесін жау етіп көрсету немесе күйеу баланы енесіне қарсы қоюды құптамайтынын айтты. Батыс үлгісіндегі анайы билерді ұйымдастыру да дәстүріміз бен дінімізге қайшы, дейді олар.

Ал әнші Нұрлан Албан тойдағы бейәдеп билерге тосқауыл қою мүмкін емес екенін айтады.


Оқи отырыңыз: Бағаласаң, сәукелені бағала!


"Заман басқа – заң басқа" деген сөз бар ғой. Қазір ғылым мен техниканың уақыты, тіпті, бүгін болған дүние ертең басқаша өзгеріп жатқанда, әлеуметтік желі деген дүние әр адамның қолында тұрғанда – қандай да бір шектеу қою мүмкін емес. Тойға шақырылған 200-250 адамның қолындағы ұялы телефонын әкім не министрдің қабылдауына кіргізгендей алып алмайсың. Ұялы телефон – әр адамның жеке құралы. Биді, күйді, бейәдеп сөзді түсіргісі келсе де, оған тосқауыл қою тіптен ақылға сыймайды", – деді әнші.

Осы орайда, Нұрлан Албан, алдымен, қазақ тілінің мәртебесіне көңіл бөлуге шақырды.

"Біреудің қуанышына қол сұғуға қарсымын. Өйткені, тойдағы қызыққа бөлінетін қаражаттың барлығын мемлекет төлеп бермейді. Ол жеке адамның қуанышы болғаннан кейін "Дәстүр бойынша мынауың дұрыс емес, келінің мен ұлың былай тұруы керек, құдаларың бүйтіп келуі керек, асаба тек мынаны сөйлеуі керек" деп қол сұғуға ешқандай құқығы жоқ. Бұл жерде ақсайтын бір нәрсе бар – мемлекетіміз егемен ел болып, Тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жылдан асса да, әлі күнге дейін мемлекетте ұлттық идеология жоқ. Ең бірінші, мүйізі қарағайдай етіп өзіміздің ана тіліміз қазақ тілінің мәртебесін алып алайықшы. Қазақ тілінің мәртебесін толығымен мойындаған кезде дін, діл және салт-дәстүр, той өткізу мәдениеті туралы айтсақ жарасады", – деді әнші.  

Серіктестер жаңалықтары