Тікелей эфир

Қоғамдық кеңес төрағасы: Елордада мектептер тым үлкен, мұғалімдер оқушыларын дұрыс танымайды

Қоғам қайраткері типтік мектептер жобасын қайта қарастыруды ұсынды.

Елорда қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов сыйымдылығы үлкен мектептердің құрылысына алаңдаушылық білдірді. Айтуынша, мұндай мектептерде басқару процесін жүргізу қиын.

"Кеше бір мектепке түлектермен кездесу үшін бардым. Сонда бірінші ауысымдағы оқушылар мектептен шығып, екіншілері кіріп жатты. Жалпы 3,5 мың бала оқиды екен, жағдайды көз алдыларыңызға елестетіп көріңіздерші. Мұғалімдер оқушыларды дұрыс білмейді десек те болады, шатасып жатыр. Өйткені, бір мұғалім түске дейін де, кейін де сабақ береді. Ал біздің кезімізде ата-аналар да, ұстаздар да әр оқушыны жатқа білетін. Осы сауалды әкімге қойғым келеді", – деді Сансызбай Есілов.


Оқи отырыңыз: Шолпан Қаринова: Мұғалімдердің кәсіби санат алуына жазған эссесінің әсері болмайды


Сондай-ақ, қоғам қайраткері қалада салынып жатқан сыйымдылығы 2 500 оқушыға дейін жететін мектептер үшін алаңдайтынын жеткізді. Осы орайда, ол типтік мектептер құрылысын қайта қарастыруды ұсынды.

"Бұл мектептерде балалар екі ауысымда оқиды. Яғни 4000 оқушы білім алады деген сөз. Мектеп директорлары процесті қалай басқарады? Қаланың әлі де салынып жатқанын түсінемін. Бірақ, бұл жермен проблема болатындай Еуропадағы бір мемлекеттің астанасы емес қой. Бізде жер бар емес пе? Жобаларды мектептердің сыйымдылығын азайтатындай етіп құруға болатын сияқты", – деп қосты Сансызбай Есілов.

Еске салсақ, білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл мектептер мен балабақшаларда жаңа жылдық жиындардың өтпейтінін мәлімдеді. Бір сынып деңгейінде болатын шараларға қатысты шешімді мектеп әкімшілігі қабылдайды.

Серіктестер жаңалықтары