
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі әйелдердің мешітте намаз оқуына қатысты өз шешімін жария етті. Оған сәйкес, әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуының оқасы жоқ. Дегенмен, олардың үйінде оқығаны абзал.
Бөлім сарапшылары бұл ретте Мұхаммед пайғамбардың "Әйелдеріңе мешітке баруға тыйым салмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы", – деген сөзін алға тартады.
"Ханафи мәзһабының ғалымдары фитнаға (бұзақылық) түсіп қалу қаупі болғандықтан жас әйелдердің мешітке барып жамағатпен намаз оқуын мәкруһ санаған. Себебі Алла елшісі: "Үйлері олар үшін мешітке барудан да қайырлы", – деген. Ал жасы үлкен қарт әйелдердің таң және ақшам мен құптан намаздарында мешітке баруына болады. Бұл имам Әбу Ханифаның көзқарасы. Өйткені ниеті бұзақылар бесін мен екінті намазында қаптап жүреді. Ақшам намазында кешкі асын ішумен әлек, таң намазы мен құптанда ұйқыда болады дейді. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің пікірі бойынша қарт әйелдер барлық парыз намаздарда мешітке бара алады", – делінген ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің хабарламасында.
ҚМДБ ұстанымы бойынша, мешітте әйелдерге арналған бөлек жер болса және ол жерге барар жол да көпшілікке көрінбейтіндей болса, оқасы жоқ. Басты мақсат – әйелдің абыройы мен қоғамда түрлі бүліктердің тууына жол бермеу.
Еске салайық, әлеуметтік желіде әйелдерді мешітте намаз оқуына қатысты пікір қайшылығы жиі туындайды.
Оқи отырыңыз:
- Хижра бойынша Шағбан айы басталды. Оразаға дейін қандай амалдар жасап үлгеру қажет
- Оразаға 30 күн қалды. Биыл Рамазан айы қашан басталады