Астанада ет өнімдерінің сапасын арттыруға арналған халықаралық форум өтті. Жиын барысында жылқы етінен дайындалатын дәстүрлі өнімдерді халықаралық стандартқа енгізу мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Сауда министрлігі.
ISO/TC 34/SC 6 "Ет, құс еті, балық, жұмыртқа және олардан жасалған өнімдер" техникалық комитетінің пленарлық отырысында жылқы етінен жасалған өнімдерге арналған алғашқы халықаралық ISO стандартын әзірлеу ұсынылды. Қазіргі таңда бұл өнімдер санатына арналған бірыңғай халықаралық құжат жоқ.
Ведомствоның мәліметінше, соның салдарынан терминология, жіктеу, таңбалау және сапаны бағалау талаптарында айырмашылықтар туындайды. Бұл өз кезегінде өнімдерді шетелге экспорттауға кедергі келтіруі мүмкін.
"Болашақ халықаралық стандарттың негізіне ГОСТ 34921–2023 "Ұлттық жылқы етінен жасалған өнімдер. Техникалық шарттар" құжатын алу ұсынылды. Құжатқа дәстүрлі өнімдер – қазы, шұжық, жал, жая, сондай-ақ ысталған және басқа да шұжық өнімдері кіруі мүмкін. Қазақстан стандарт жобасын әзірлеу үшін халықаралық жұмыс тобын құрып, оған жетекшілік етуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар құжатты жылқы етінен өнім өндіретін басқа мемлекеттермен бірлесіп талқылау жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.
Егер бастама қолдау тапса, Қазақстанның ұлттық жылқы етінен жасалған өнімдері халықаралық деңгейде бірыңғай талаптар бойынша танылуына және олардың экспорттық әлеуетінің артуына мүмкіндік туады.