Қазақстанның солтүстігінде интернет-алаяқтармен күреске дін қызметкерлері тартылып жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Яғни, мешіттегі имамдар намазға жиналған жамағат арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады. Бұл шара тұрғындардың сан соғып қалмауына септігін тигізеді дейді полиция.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, егде жастағы адамдар жиі интернет алаяқтардың құрбаны болады. Зейнеткерлер көп жағдайда алданып қалғандарын кеш түсінеді екен. Сондықтан мүфтият өкілдері Алла үйіне келген жандарға әккі айлакерлер қолданатын түрлі тәсілдерді айтады.
Сонымен қатар шығынға батып, күйзеліске ұшыраған азаматтарға моральдық қолдау көрсетеді.
"Интернет алаяқтар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу біздің заманымызда қажет. Кейбір алаяқтар мұсылмандардың қатарында "иә, бауырым ассалямалейкум" деген секілді терминдар арқылы адамдардың сеніміне кіріп, түбегейлі өздерінің мақсаттарына қол жеткізуге тырысады. Көбіне сол бісмилла, ассалямалейкум, уағалейкум ассалам деген сөздерді, араби сөздерді пайдаланып адамдардың әсіресе мұсылмандардың жамағаттарына жақын болуға тырысады", – деді Қызылжар мешітінің имамы Мұхаммед Абдулла.