Қазіргі уақытта Қазақстан Қарулы күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының орта медициналық персоналмен жасақталуы шамамен 90 пайызды құрайды. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сенат депутаттарына берген жауабында айтылған.
"Жасақтау арнайы әскери даярлықсыз медициналық білім беру мекемелерін (колледждерді) бітірген азаматтардың келісімшарт бойынша әскери қызметке ерікті негізде кіруімен жүзеге асырылады. Елімізде орта буын медицина мамандарын даярлау 78 медициналық білім беру мекемесінде (колледжде) ұйымдастырылған. Білім алушылар контингенті 30 мың адамнан асады, ал жыл сайын қолданыстағы заңнамаға сәйкес әзірленген стандарттар бойынша білім алған 10 мыңнан астам маман оқу бітіреді", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Оның мәліметінше, орта медициналық персонал мамандықтары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы 2026 жылы 37329 орынды, 2024 жылы 30991 орынды, 2025 жылы 35892 орынды құрады.
Медициналық колледждерге 2024 жылы 37213 адам, 2025 жылы 36132 адам оқуға қабылданса, 2026 жылы 38000 адамды қабылдау жоспарланып отыр.
"Орта медициналық персоналды әскери (жауынгерлік) даярлау Қарулы күштердің әскери бөлімшелерінің күнделікті жауынгерлік даярлығы шеңберінде жүзеге асырылады", – деді үкімет басшысы.

