Бүгін, 15 маусымнан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының әскери міндеттілерді 2026 жылғы арнайы жиындарға шақыру туралы бұйрығы күшіне енді.
Еске салайық, аталған құжатқа ҰҚК төрағасы 2026 жылғы 29 мамырда қол қойған болатын. Бұйрыққа сәйкес, еліміздің бірқатар өңірінде арнайы әскери жиындар басталды.
ҰҚК мәліметінше, жиындар мемлекеттік шекара қауіпсіздігін күшейту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Оған әскери міндетті 270 азамат қатысады.
Арнайы әскери дайындық жиындары Жетісу, Жамбыл және Атырау облыстарындағы Шекара қызметі бөлімшелерін күшейтуге бағытталған. Жиын барысында қатысушылар әскери даярлықтан өтіп, шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық машықтарын жетілдіреді.
Мұндай жиындар әскери міндеттілердің жауынгерлік әзірлігін сақтау мен төтенше жағдайларда әрекет ету қабілетін арттыру мақсатында өткізіледі.