Қазақстанның төрт қаласында өткен Lakshminarayana Global Music Festival халықаралық музыкалық туры мен жыл басында Нью-Делиде ұйымдастырылған ірі мәдени фестиваль екі ел арасындағы мәдени дипломатияның нығайып келе жатқанын айқын көрсетті. Халықаралық йога және музыка күніне орай ұйымдастырылған LGMF гастрольдік туры Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау және Астана қалаларында өтті. Концерттер өңірлік филармониялардың сахналарында ұйымдастырылып, қорытынды гала-концерт Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда өтті.
Бұл жоба соңғы жылдардағы Қазақстан мен Үндістан арасындағы ең ірі мәдени бастамалардың бірі ретінде бағаланып отыр. Бағдарламаның өзегін әлемге танымал үнді скрипкашысы әрі композиторы доктор Л. Субраманиамның симфониялық шығармалары құрады. Оларды Қазақстанның халық әртісі, дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен Астана филармониясының симфониялық оркестрі орындады.
Қазақстандағы тур аясындағы басты жаңалықтардың бірі – скрипкашы Амби Субраманиамның орындауындағы "Transformation" атты жаңа симфониялық шығарманың тұсаукесері болды.
Көкшетау мен Астанада өткен концерттерге "Гәкку" би ансамблі қатысып, музыкалық бағдарламаны көркем хореографиялық қойылымдармен толықтырды. Би мен симфониялық музыканың үйлесімі көрермендерге ерекше әсер сыйлап, қазақстандық және үндістандық өнерпаздардың шығармашылық үндестігін көрсетті.
Концерттер Үндістанның ұлттық әнұранының бірі саналатын "Vande Mataram" шығармасының симфониялық орындалуымен аяқталды. Кавита Кришнамурти, симфониялық оркестр мен хор бірлесіп орындаған финалдық шығарма көрермендерді орындарынан тұрғызды. Оның аранжировкасын доктор Л. Субраманиам әзірлеген.
Сонымен қатар Қазақстан өнері де Үндістанда кеңінен таныстырылды. Биыл қаңтар айында Нью-Делиде өткен XI халықаралық музыка және би фестиваліне Қазақстаннан шамамен 68 өнерпаз қатысты. Делегация құрамында Астана мемлекеттік академиялық филармониясының, "Гәкку" би ансамблінің және Ақтөбе камералық хорының әртістері болды.
Алдағы уақытта қазақстандық өнер ұжымдарының Үндістанның Калькутта, Ченнай және Бенгалуру қалаларында өнер көрсетуі жоспарланған. Бұл екі мемлекет арасындағы мәдени әріптестіктің одан әрі кеңейе түсетінін көрсетеді.
Қарақабақ қалашығының орнынан Византия, Үндістан және Риммен байланысты жәдігерлер табылды
Гоа туризмі және визасыз режим: Қазақстан мен Үндістан байланысы жаңа белеске шықты