Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Тамыз конференциясында биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне тоқталып, білім сапасы төмен өңірлерді атады, деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің айтуынша, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері ҰБТ-да жоғары нәтиже көрсеткен. Ал Түркістан, Ұлытау, Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстарындағы жағдайды жақсарту қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе Түркістан облысындағы жағдайға тиісті министрлік пен әкімдік назар аударуы керектігін айтты.
"PISA ұйымының зерттеуі де Түркістан облысындағы білім сапасының мәз емес екенін көрсетті. Бұл – аймақтың оқу-ағарту жүйесінде олқылықтар әлі бар деген сөз", – деді президент.
Мемлекет басшысы облыстағы жағдайды дағдарыс деп бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі оқушылардың шамамен 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады.
Президент ауыл оқушыларының жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдай жасау, инфрақұрылым салу және шалғай елді мекендерге білікті мамандар тарту қажеттігін айтты.
"Бұл – Үкіметтің және әкімдіктердің алдында тұрған жедел міндет. Жұмысты жоспарлы түрде тездетіп атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Жалпы, төмен нәтиже көрсеткен барлық аймақтың әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі керек", – деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: "Адамның адамдығы жақсы ұстаздан". Тоқаев ұстаздарды Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады
Президент алдағы үш жылда "Келешек мектептері" білім берудегі озық тәжірибелерді сынақтан өткізетін орталыққа айналуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне Үкіметпен бірлесіп, білім сапасы төмен облыстарға нақты көмек көрсетуді, соның ішінде арнайы талдау жүргізуді тапсырды.
Ал Үкіметке білім беру жүйесінің тиімділігін арттыратын жан-жақты зерттелген шешімдер әзірлеу міндеті қойылды. Сонымен қатар Тоқаев орта білім беру мазмұнын заман талабына сай жаңғырту қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, оқу бағдарламаларында өскелең ұрпақты ілгерілеу мен прогреске бағыттайтын пәндерге басымдық берілуі керек.
"Келешек мектептері" инновациялық шешімдерді енгізу және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруға тиіс.
"Алдағы үш жыл ішінде "Келешек мектептері" білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.