Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымын дәстүрлі Тамыз конференциясының ашылуымен құттықтады. Биылғы жиын "Адам капиталы, білім, прогресс — Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары" тақырыбына арналды, деп хабарлайды Ақорда.
Президент конференцияға еліміздің барлық өңірінен ұстаздар жиналғанын атап өтіп, мұғалім еңбегінің ел болашағы үшін маңызын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында мазмұнды баяндамалар жасалып, маңызды ұсыныстар айтылғанын атап өтті.
"Бүгін өте ұтымды, мазмұнды баяндамаларды тыңдадық, тиімді пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлеген ұстаздарға, бүкіл мұғалімдер қауымына ризашылығымды, ілтипатымды білдіремін. Тиісті министрлік, жалпы Үкімет айтылған мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек. Бұл жұмысты аса маңызды стратегиялық міндет деп түсіну қажет", – деді мемлекет басшысы.
Президент ұстазды ұлықтаған елдің келешегі жарқын болатынын айтты. Ол Абайдың 38-қара сөзіндегі "адамның адамдығы жақсы ұстаздан" деген ойына тоқталды.
"Сіздер жас буынға терең білім беріп, саналы, озық ойлы және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Осылайша, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға атсалысып келесіздер", – деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Халықаралық баскетбол федерациясының президентін қабылдап, "Достық" орденімен марапаттады
Мемлекет басшысының айтуынша, биылғы Тамыз конференциясы Қазақстандағы ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Президенттің сөзінше, наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданып, Ата заң 1 шілдеде күшіне енген.
"Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға. Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент білім беру саласындағы айтылған мәселелер Үкімет пен тиісті министрліктің тұрақты назарында болуы керек екенін атап өтті.