Қазақстанның мәліметтері Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказда авиаотынды үнемдеуге көмектеседі

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
IATA болжамынша, 2026 жылы әлемдегі әуе компанияларының отын шығыны шамамен 350 млрд долларды құрайды.

Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжанда әуе нарығы өсіп келе жатқан тұста деректерді тиімді пайдалану әуе компанияларының отын шығынын азайтып, операциялық тиімділігін арттырудың маңызды құралына айналып отыр, деп хабарлады Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы. 

IATA болжамынша, 2026 жылы әлемдегі авиакомпаниялар жанармайға шамамен 350 млрд доллар жұмсайды. Бұл олардың барлық операциялық шығынының үштен біріне жуық.

Мәселе ТМД елдерінде, соның ішінде Қазақстанда, айрықша өзекті. Мысалы, Қазақстандағы авиациялық керосин бағасы Дубай секілді салыстырмалы авиациялық хабтарға қарағанда жоғары. Соның салдарынан әуе компаниялары жанармай көлемі бірдей болған жағдайда да көбірек шығынданады.

Отын бағасының өсуі және Таяу Шығыстағы қақтығыстардан кейін энергетикалық нарықтағы құбылмалылықтың күшеюі салаға түсетін қысымды арттырып отыр. IATA дерегінше, 2025 жылы әлемдік авиакомпаниялардың рентабельділігі 4,2 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 2 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Сондықтан шығындардың өсуін тек әуе билеттерінің бағасын көтеру арқылы өтеу мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты жанармай тиімділігін арттыру авиация саласының негізгі басымдықтарының біріне айналды. IATA-ның 2026 жылғы наурызда жүргізген сауалнамасына қатысқан авиакомпаниялардың 90 пайызы жанармай тиімділігін арттыруды басым міндет деп атаған. Қаржы және сатып алуға жауапты басшылар арасында бұл көрсеткіш 96 пайызға жеткен.

Бұған дейін авиакомпаниялар жанармай тиімділігін негізінен әуе флотын жаңарту арқылы арттыруға тырысты. Air Astana мен Azerbaijan Airlines жаңа буындағы, отынды аз тұтынатын ұшақтарға инвестиция салды.

  • Air Astana мәліметінше, 2025 жылы компания сегіз Airbus A320 отбасы ұшағын қабылдап, үш Embraer E2 ұшағын пайдаланудан шығарған. Компания қазіргі флотын соңғы 20 жылдан астам уақыттағы ең біріздендірілген әрі жанармай тиімді парк деп бағалайды.
  • Ал 2026 жылғы шілдеде Azerbaijan Airlines жыл басынан бері төртінші жаңа ұшағын – Airbus A320neo-ны алды. Бұл әуе компаниясының флотының отын тиімділігін одан әрі арттырды.
  • Өзбекстанның Uzbekistan Airways компаниясы да жанармай шығынын азайту үшін Boeing 787-9 және Airbus A321neo секілді тиімділігі жоғары ұшақтарды пайдалануға енгізіп жатыр.

Алайда жанармай бағасының соңғы уақытта күрт өсуі авиакомпанияларды жаңа ұшақтардың артықшылықтарынан бөлек, қосымша үнемдеу жолдарын іздеуге мәжбүр етуде.

IATA-ның ұшу және операциялық қызмет жөніндегі директоры Стюарт Фокстың айтуынша, мұндай мүмкіндік ең алдымен деректерді операциялық тиімділікті арттыру үшін пайдаланумен байланысты. Оның пікірінше, флотты жаңарту мен маршруттық желіні оңтайландыру арқылы тиімділікті арттырудың негізгі мүмкіндіктері зерттеліп қойған. Сондықтан жанармайды одан әрі үнемдеу сапалы деректерге негізделген операциялық шешімдер арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Қазақстанда мұндай тәсіл қазірдің өзінде Air Astana компаниясында қолданылады. Әуе тасымалдаушысы жанармай шығынын оңтайландыру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланады және өз бағалауынша, отын тұтынуды 2 пайызға дейін азайтады.

IATA әлем бойынша 240-тан астам авиакомпаниядан нақты уақыт режимінде операциялық ақпарат алады. Бұл деректер компанияларға өз көрсеткіштерін басқа әуе тасымалдаушылармен салыстырып, тиімділікті арттырудың нақты жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Отын үнемдеу мүмкіндіктері жеке авиакомпаниялардың әрекетімен шектелмейді. Деректерді талдау, жасанды интеллект, операциялық процестерді оңтайландыру және әуе қозғалысын басқару жүйелерін жаңғырту Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы авиакомпаниялар үшін шығындарды азайтудың қосымша тетіктеріне айналып келеді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау