Үндістан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы "Үндістан – Қазақстан стратегиялық диалогы – 2026" конференциясында Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал айтты. Елшінің айтуынша, екі елдің экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары, сол үшін сауда мен инвестиция саласындағы ынтымақтастықты күшейту қажет.
"Біздің екіжақты тауар айналымымыз 1 миллиард АҚШ долларынан төмен деңгейде қалып отыр. Бұл – бұрыннан келе жатқан жүйелік сәйкессіздік және мұны тез арада түзетуіміз керек", – деді Сайлас Тангал.
Елшінің айтуынша, қазіргі көрсеткіш Үндістанның 1,4 млрд тұтынушысы бар нарығы мен Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық әлеуетін толық көрсетпейді. Ол екі ел экономикасын бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын экономикалар ретінде атап өтті.
Қазақстан Үндістанға энергетикалық ресурстар, маңызды пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында мүмкіндіктер ұсына алады. Ал Үндістан Қазақстан үшін ірі нарықпен қатар инновациялық серіктес бола алады.
Елшілік соңғы уақытта екі елдің бизнес өкілдері арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар іс-шара өткізген. Соның ішінде Алматыда 45-тен астам үндістандық фармацевтикалық компания мен Қазақстанның 200-ден астам өкілі қатысқан фармацевтикалық бизнес-форум және B2B кездесулері ұйымдастырылған.
Сондай-ақ Үндістанның 16 компаниясынан құралған CII бизнес-делегациясы Шымкент пен Астанаға барып, қазақстандық мемлекеттік және бизнес құрылымдармен кездескен. Қазақстандық бизнес өкілдері де Үндістанға барған. Елшілік қолдауымен 70-ке жуық қазақстандық компанияның 112-ден астам өкілі Ченнай қаласына барып, өндіріс орындарымен, фармацевтикалық, инжинирингтік және ғылыми-зерттеу институттарымен танысқан. Сапар барысында Үндістан – Қазақстан сауда-инвестициялық форумы өтіп, B2B келіссөздер ұйымдастырылған.
Алайда Сайлас Тангалдың айтуынша, көрмелер мен бизнес-делегациялар екіжақты сауданы толық әлеуетіне жеткізу үшін жеткіліксіз.
"Экономикалық қатынастарымыздың толық дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелерді анықтауымыз керек", – деді елші.
Ол мұндай мәселелердің қатарында көлік-логистика, кедендік рәсімдер, төлем механизмдері, нарыққа шығу кедергілері, реттеуші талаптар, ақпарат алмасу және инвестицияларды ынталандыру тетіктерін атады.
Елші Үндістан мен Қазақстан арасындағы саяси және стратегиялық байланыстардың қауіпсіздік, қорғаныс, көлік-логистика және өңірлік ынтымақтастық бағыттарында кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, осы байланыстарды экономикалық ынтымақтастықпен толықтыру қажет.
"Мықты саяси негізге сүйене отырып, оны сондай мықты экономикалық тірекпен бекітейік. Өзара сенім де, саяси ерік-жігер де бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты серіктестікке айналдыру", – деді Үндістанның Қазақстандағы елшісі.
Тоқаев БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге барды