Қазақстанға қанша кино залы жетіспейді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мәдениет министрі кинотеатрлардың қызметін неге бақылай алмайтынын түсіндірді.

Қазақстанда қазіргі таңда 100-ге жуық кинотеатр жұмыс істесе, оларда 404 кино залы бар. Ал қажеттілік 2 мың залға тең. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған.

Министрдің айтуынша, киноға жеген қолжетімділікті дамыған елдердің деңгейіне жеткізу үшін кино залының санын 2 мыңға жеткізу керек. 

"Кинотеатрлардың басым көпшілігі ірі қалаларда орналасқан және өңірлерде, шағын қалалар мен ауылдарда жоқ. Соңғы 5 жылда отандық фильмдерге деген жоғары сұранысқа қарамастан залдар саны өскен жоқ. Айталық, 68 миллион халқы бар Францияда шамамен 7000 кинотеатр жұмыс істейді. Бұл әрбір 10 мың тұрғынға 1 зал барын білдіреді. Құрылысты мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай деңгейге қол жеткізілген", – деді Аида Балаева. 

Министр бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі неге кинотеатрлардың қызметін бақылай алмайтынын түсіндірді. 

"Министрліктің функцияларында жеке кәсіпкерлік субъектілері саналатын кинотеатрлардың қызметін бақылау жөніндегі өкілеттіктер жоқ. Сондай-ақ Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмаушылық қағидатына кепілдік беріледі және мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің істеріне заңсыз араласуына тыйым салынады. Осыған байланысты Министрлік кинотеатрларға кешенді тексеруді ұйымдастыра алмайды", – деді ол. 

Дегенмен, ол министрлік тарапынан бюджет қаражатынан тыс немесе МЖӘ тетігі есебінен аудандар мен моноқалаларда кинотеатрлар мен көп функциялы залдар ашуды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар есебінен мәдениет үйлерінде проекциялық жабдықтарды және жылжымалы кино қондырғыларын сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. 

Серіктестер жаңалықтары