Қазақстанда қандай фильмдерді прокатқа шығаруды енді Сараптама комиссиясы шешеді

Руың кім?" фильмінің аңдатпасы
Руың кім?" фильмінің аңдатпасы
Бұл тек отандық қана емес, шетелдік фильмдерге де қатысты.

Қазақстанда шетелдік және отандық фильмдерді прокатқа шығармас бұрын арнайы Сараптама комиссиясында қарау жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылған. 

Бұған қатысты үкімет әзірлеген түзетулерді мәжіліс 2025 жыл соңында қабылдады. Кейін олар Сенаттың қарауына енгізілген.  

"Түзетулер қабылданғаннан кейін шетелдік және отандық фильмдерді елімізде прокатқа шығармас бұрын оларды арнайы Сараптама комиссиясы қарайтын болады. Сондай-ақ еліміздің кинотеатрларындағы фильмдер прокатының мониторингі күшейеді. Алдағы уақытта мәдениет саласындағы заңнамалық талаптарды бұзуға жол бермеу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлтты бірлікке шақыратын мазмұндағы контентті көбейту жұмыстарын жүргізетін болады", – делінген премьер-министрдің жауабында.

Еске салайық, мәжіліс депутаттарының бұл сауалды жолдауына "Руың кім?" фильмінің кинотеатрларында көрсетілуі себеп болған еді. Бұл фильм көрермендердің наразылығын туғызды. 

"Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды "бренд" немесе "маркетингтік өнім" ретінде сатылымға шығаруда. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті. Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті", – деді бұл туралы депутат Ерлан Саиров. 

Сынға ұшыраған фильм прокаттан 2025 жылғы 18 желтоқсаннан бастап алынды. 

Серіктестер жаңалықтары