Қазақстандықтар 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу ақысына жүргізілген қайта есептеу нәтижесінде 1,2 млрд теңгеден астам қаражат алады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлімдеді.
Комитеттің хабарлауынша, табиғи монополия субъектілері жылу энергиясы үшін төлемді жалпы сомасы 1 217,02 млн теңгеге қайта есептеген. Бұл сома қосылған құн салығын қамтиды.
"Қайта есептеу нәтижесінде қайтарылатын қаражат тұтынушылардың дербес шотында аванс ретінде жеке жолмен көрсетіледі. Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарында жеке қайта есептеу жүргізілмеген. Себебі бұл өңірлерде жылумен жабдықтау қызметінің құны сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріле отырып есептелген. Ал Астанада 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы кезінде төлемдер сыртқы ауаның нақты температурасына қарай ай сайын түзетіліп отырған", – делінген хабарламада.
Комитет мәліметінше, 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушыларға да қайта есептеу жүргізілген.
Ол кезде қайта есептелген қаражаттың жалпы сомасы 1 554,7 млн теңгені құраған.